Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мектептер аудан әкімдігінің қарамағына берілуі мүмкін: Мұғалімдер бұл ұсынысқа қарсы шықты

мұғалім

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Қазақстанда мектеп бюджеті мен мұғалімдерді басқаруды облыстық деңгейден қайтадан аудан (қала) әкімдіктеріне беру мәселесі талқыланып жатыр. Бастаманы депутаттар мен Ұлттық экономика министрлігі өкілдері көтерді. Алайда педагогтер бұл ұсынысқа қарсылық білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аймағамбетов мұғалімдердің алаңдаушылығына не дейді?

Мұғалімдерді алаңдатқан мәселеге мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жауап берді. Оның сөзінше, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбады.

“Шешім әлі үкіметтің қорытындысында жатыр. Бұл жерде дұрыс түсінік болуы, тиімді шешім қабылдануы маңызды. Өйткені әріптестеріміз 2019-2020 жылы қандай жағдай болғанын біледі. Қазір жағдай қандай? Екеуін салыстырсаң жер мен көктей. Сондықтан мұғалімдердің үрейі, қорқынышы орынды. Олар екі жағдайды салыстыра алады. 2019 жылғы жағдайға қайта келесіңдер ме десе, олар тиісті жауабын бере алады”, – деді ол. 

Сонымен қатар депутат үкімет тиімді шешім шығаратынына сенетінін айтты. 

“Дегенмен әріптестеріміздің түсінігі жақсы деп ойлаймын. Бұл мәселе әлі талқыланып, жан-жақты сараланып жатыр. Бір жағынан әкімдіктерге кей өкілеттіктер беру, екінші жағынан негізгі саясат пен тағайындауларды жоғары деңгейде қалдыру қарастырылып жатыр. Сондықтан байыппен, барлығына тиімді шешім шығатынына сенімдімін”, – деді депутат.

Мұғалімдер ұсынысқа наразы

Threads желісінде мұғалімдер қарсылығын ашық білдіріп жатыр. Олар бастама қабылданса, бұрынғы мәселелерге қайта ораламыз деп қауіптеніп отыр. 

“Мұғалімдер ауданның қарамағына қайтадан өтті. Енді жергілікті билік ойына келгенін істеп, ұстазды өзіне қатысы жоқ жұмыстарға жеге ме? Өздеріңіз білетіндей, жергілікті билікке әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Сондықтан жалақыны қысқарту, жөн-жосығы жоқ қағаздар, өтірік жиналыстар, дала сыпырып, қоқыс жинауға бұйрық басталады енді. Асхат Аймағамбетов осыны кезінде алдырып тастап, ұстаздың мерейін үстем етіп еді. Енді бәз біреулер ұстазды батырып жатыр”, – деп жазды бірі. 

пікір
Фото: Threads скрин

Енді бірі неліктен мұғалімдер еркінен тыс сенбілікке, жиындарға қатысатынын түсінбейтінін жеткізді. 

“Неге мұғалімдер өздері әрең жеткен демалыс күндерінде сенбілікке шығуы керек. Осындай нәрсені ойлап тапқан кезде, биліктегілер қалай ойланды? Осыдан кейін кім мұғалім болып жұмыс істегісі келеді? Мұғалім мәртебесі дейді, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Көрінген жерге мұғалімдерді жұмсай береді. Ертең барып дала сыпырамыз енді. Оқушыдан шаршап, демаламыз ба десек, сөзім жоқ. Осындай миллион жұмыстан кейін білім қандай болады деп сұрамай-ақ қойыңдар”, – деп жазды. 

пікір
Фото: Threads скрин

Ал тағы бір желі қолданушысы министр кезінде мұғалім мәртебесін көтерген Аймағамбетовті қайтадан бұрынғы орнына әкелу керегін айтты. 

“Халқым, Асхат Аймағамбетовті Білім министрлігіне қалай қайтарамыз? Мұғалімге жаны ашитын бір адам табылған еді, оны да көп көрді ғой. Мына кісіні де жаман деп айта алмаймыз. Бірақ мұғалімдерді талауды бастап кетті. Бұл кісі аттестациямен басы қатып жүргенде, жаңалықтарда мұғалімдер сенбілікке шықсын дейді. Мұғалімдерді әкімдер басқарады дейді. Көше аралауға да кезек келіп қалар”, – деп жазды желі қолданушысы. 

пікір
Фото: Threads скрин

“Облыста қатқан ештеңе жоқ. Бір ауылда мысалы, бір әулеттен жеті адам бір жылда мектепке кірген. Облыстың бұйрығымен. Дене шынықтыру мұғалімі, тағы бірдеңе, тіпті дипломы жоғы күзетшілікке кірген. Бұл сорақылық енді ауданға ауысады”. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мұғалімдерден оқушылар үшін жауапкершіліктің бір бөлігі ресми түрде алынғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 15:35