Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шахмұрат Мүтәліп ERG компаниясының үлесін сатып алды

Шахмұрат Мұтәліп
Фото: Шахмұрат Мұтәліптің желі парақшасынан

22 мамырда Eurasian Resources Group акционерлер құрылымындағы өзгерістерді жария етті. Бизнесмен Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы ERG акцияларының 39,3%-ын сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Топтың хабарландыруына сәйкес, 18,6%-ға иелік ететін Патох Шодиевтен және 20,7%-ға иелік ететін Александр Машкевичтің мұрагерлерінің үлесі сатып алынды.

ERG топтың барлық кәсіпорны қалыпты жұмысын жалғастырып жатқанын атап өтті. Компания акционерлер құрылымындағы өзгерістер бизнестің тұрақтылығын нығайтуға, корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыруға және оның ұзақ мерзімді даму стратегиясын қолдауға бағытталғанын мәлімдеді.

Топ бұл мәміле өндірістік бағдарламаларға немесе қызметкерлерге, серіктестерге немесе мемлекетке қатысты міндеттемелерге әсер етпейтінін атап өтті.

Мемлекет ERG тобының акцияларының 40%-на иелік етеді. Тағы 20,7% акция ERG негізін қалаушы Әлижан Ибрагимовтың жесірі Мұқадасхан Ибрагимоваға және оның ұлдары Достан, Даврон, Шухрат және Фурхатқа тиесілі.

Еске сала кетейік, Financial Times басылымы Мүтәліптің ERG-дегі үлесіне 2025 жылдың желтоқсанында қызығушылық танытқаны туралы хабарлады. Басылымның мәліметінше, қазақстандық бизнесмен Шодиев пен Машкевич мұрагерлерінің акцияларын сатып алуды көздеген және "Шодиев пен Машкевич отбасыларымен олардың жалпы үлесін 1,4 миллиард долларға сатып алу шарттары туралы келіскен". ERG негізін қалаушылардың бірінің ұлы Шухрат Ибрагимов та осындай ұсыныс жасаған.

2026 жылдың қаңтарында сатып алу-сату мәмілесінің аяқталуы мүмкін екені туралы ақпарат пайда болды. Сол кезде ERG бұл ақпаратты растаған жоқ. Компания сол кезде түсіндіргендей, "егер акционерлер құрылымында өзгерістер болса, компания ресми мәлімдемелер жасайды және мүдделі тараптардың хабардар болуын қамтамасыз етеді".

Шахмұрат Мұтәліп 2026 жылғы Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің тізімінде 22-орында. Forbes Kazakhstan оны алғаш рет тізімге қосты, оның таза байлығын 482 миллион доллар деп бағалады.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 15:00