Шахмұрат Мұтәліп Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубын қаншаға сатып алатыны белгілі болды

Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 22-орында тұрған Шахмұрат Мұталиптің иелігіне өтпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Шахмұрат Мұтәліп Integra Construction KZ компаниясының бенефициары. 2026 жылғы мамырдағы дерек бойынша оның байлығы 482 миллион долларды құрайды.
Ал "Ордабасы" футбол клубын сату туралы хабарлама 2026 жылғы 12 мамырда электронды аукцион сайтында жарияланды. Құжатқа сәйкес, футбол командасы 224 160 507 теңгеге бағаланған. Бұл активтің бағалау құны әрі лоттың бастапқы бағасы. Клубтың 100% мемлекеттік акция пакетін, яғни 300 081 жай акцияны, "Фин ЮТА консалтинг" ЖШС бағалаған. Бағалау 2026 жылғы 21 сәуірде жасалған. Сауда-саттық 2026 жылғы 28 мамырға белгіленген.
Қазіргі таңда "Ордабасы" акцияларының пакеті мемлекет меншігінде. 2026 жылғы ақпанда Integra Construction KZ басшылығы Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековпен клубты жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған. Лот сипаттамасында "Ордабасы" клубының жарғылық капиталы 627 709 775 теңге екені, ал клубтағы қызметкерлердің орташа жылдық саны 190 адам екені көрсетілген.
Тендер шарттарына сәйкес, жаңа иесі 10 жыл бойы клубтың спорттық бағытын сақтап, штаттағы қызметкерлердің кемінде үштен екі бөлігін жұмыста қалдыруы тиіс. Сондай-ақ ол өз инвестициясы есебінен шетелдік спортшылар мен мамандарды тартуға, "Ордабасының" Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын жарыстарға Шымкент қаласының атынан қатысуын қамтамасыз етуге, балалар және әйелдер футболын дамытуға міндеттеледі.
Тендер талабына сай, "ПФК Ордабасы" АҚ акцияларының 100% пакетін 10 жыл бойы кепілге қоюға және оған қандай да бір ауыртпалық салуға тыйым салынады. Сонымен қатар Шымкент қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының келісімінсіз клубтың атауы мен логотипін өзгертуге болмайды.
ОқыңызҚазақстанда футбол клубтарын жекешелендіру 2025 жылдың күзінде басталды. Бірқатар клуб электронды аукцион арқылы сатылды:
- Қарағандының "Шахтер" командасы — 55 338 000 теңгеге (сатып алған Тимур Турлов);
- "Ақтөбе" — 364 352 000 теңгеге (Нұрлан Артықбаев);
- "Тұран" — 1 100 000 теңгеге (Дінмұхамед Ідірісов);
- "Атырау" — 77 000 000 теңгеге (Болат Қонарбай).
- "Қайсар" (Қызылорда) — TAU Group Ltd иесі Исламғали Қозбақов, 2025 жылғы 30 қазаннан бастап;
- "Қызылжар" (Петропавл) — ЦАТЭК компаниясының тең иесі Сергей Кан;
- "Жеңіс" (Астана) — Kaspi тең иесі Михаил Ломтадзе;
- "Шахтер" (Қарағанды) — Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов;
- "Ордабасы" (Шымкент) — Integra Construction KZ бенефициары Шахмұрат Мұтәліп, жекешелендіру туралы меморандум 2026 жылғы ақпанда қол қойылған;
- "Оқжетпес" (Көкшетау) — "Агрофирма Родина" компаниясының директоры Иван Сауэр;
- "Елімай" (Семей) — KAZ Minerals акционерлері Владимир Ким мен Олег Новачук;
- "Тобыл" (Қостанай) — ERG компаниясының негізін қалаушы, директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов;
"Жүрегім Қазақстан деп соғады": Елімізді ұнатып қалған үндістандық боксшы енді Қазақстан атынан сынға түспек