Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

80 миллиард теңге жұмсалған: Өскемендегі Гематология орталығы неге алты жылдан бері ашылмай тұр?

Құрылыс
Фото: magnific.com

Өскеменде құрылысы ұзаққа созылған медициналық нысандардың бірі Гематология орталығының қашан ашылатыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Алғашында бұл нысан Орталық Азиядағы сүйек кемігін трансплантациялау және жасушалық технологиялар бойынша бірегей орталық ретінде таныстырылған. Мұнда күрделі операциялар, генетикалық зерттеулер, онкогематологиялық ауруларды анықтау, сондай-ақ бағаналы жасушаларды өсіру жоспарланған.

Құрылыс 2020 жылдың көктемінде басталды. Сол кезде жобаның құны шамамен 32 миллиард теңге деп бағаланып, нысанды екі жылда аяқтау көзделген еді. Алайда кейін құрылыс мерзімі бірнеше рет шегерілді. Енді нысан биыл жазда ашылады деп жоспарланып отыр. 

Жоба құны неге қымбаттады?

Шығыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының мәліметінше, қазір нысанның құны 80 миллиард теңгеден асқан. Қымбаттауға валюта бағамының өзгеруі, медициналық жабдықтардың қымбаттауы және жобаның бірнеше рет қайта қаралуы әсер еткен.

Сонымен қатар құрылыс барысында жобаның бағыты да өзгерді. Бастапқыда тек гематологиялық орталық ретінде жоспарланған нысанды кейін көпбейінді медициналық кешенге айналдыру ұсынылды. Соның нәтижесінде кардиохирургия бөлімшелері, жаңа операциялық блоктар қосылып, төсек-орын саны мен қажетті жабдықтар тізімі өзгерген.

 

Құрылыс неге ұзаққа созылды?

Мамандардың сөзінше, жобаны қайта қарау процесі де жұмысты баяулатқан. Жоба өзгертіліп, сараптамадан өтіп жатқан кезде құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша тоқтайды. Бұл — заң талабы.

Осылайша облыстық деңгейде басталған жоба уақыт өте келе өңір бюджетіне ауыр салмақ түсіре бастады. Кейін нысанды аяқтау үшін республикалық деңгейде қолдау қажет болды.

Қаржы қайдан бөлінді?

2023 жылы Гематология орталығы республикалық балансқа өтті. Дегенмен нысанды толық аяқтауға қажетті қаржы біраз уақыт табылмаған.

Жағдай Президент араласқаннан кейін ғана өзгерді. Құрылысты аяқтауға қайтарылған заңсыз активтер есебінен құрылған Арнаулы мемлекеттік қордан 33,6 миллиард теңге бөлінді.

Қазір нысанда инженерлік желілерді, желдету және кондиционер жүйелерін орнату жұмыстары аяқталуға жақын. Күрделі медициналық жабдықтарға арналған бөлмелер де дайындалып жатыр.

Нысан құрылысының 97%-ы тәмам

Мердігер ұйымның ақпаратына сәйкес, орталық шамамен 97 пайыз дайын. Қазір негізгі жұмыстар аяқталып қалған.

Жаңа мерзім бойынша орталық 2026 жылдың шілдесінде ашылуы мүмкін.

Орталықта кімдер жұмыс істейді?

Жаңа ғимаратты аяқтау — жұмыстың бір бөлігі ғана. Ендігі маңызды мәселе — маман даярлау.

ШҚО денсаулық сақтау басқармасы деректеріне сүйенсек, орталыққа мамандардың бір бөлігі облыстық аурухана мен төртінші қалалық ауруханадан ауысады. Орталық көпбейінді болғандықтан, кардиология, кардиохирургия және басқа да бағыттар бойынша қосымша кадр қажет.

Сонымен қатар 30-ға жуық маман шетелде оқудан өтіп, орталықтың ашылуын күтіп отыр.

Пациенттер де орталықтың ашылуын асыға күтіп отыр

Өңір тұрғындары үшін бұл орталықтың маңызы зор. Себебі бұрын күрделі диагноз қойылған науқастар ем іздеп Астанаға немесе шетелге баруға мәжбүр болған.

Өскемен тұрғыны Светлана Кимнің айтуынша, ем іздеген жан орталыққа жұмсалған қаржыны емес, нәтижені ғана ойлайды. Оның сөзінше, өңір тұрғындары бұл орталықты жай ғана аурухана емес, адам өмірін өз өңірінде сақтап қалуға мүмкіндік беретін орын ретінде асыға күтіп отыр.

Гематология орталығы қазір Шығыс Қазақстандағы ең жоғары технологиямен қамтылған медициналық нысандардың бірі деп аталып жүр. Алайда оның оның тарихы ірі жобаларда жоспарлау мен қаржыландыру жүйесінің қаншалық маңызды екенін де көрсетті.

Егер орталық биыл жазда ашылса, ол өңір медицинасындағы ең маңызды жаңалықтардың біріне айналмақ.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 25 Мамыр, 2026 13:57