"Кемінде бір жыл қажет": Росатом "Балқаш" атом электр станциясының құрылысына қатысты пікір білдірді

Атом энергиясы жөніндегі агенттік Алмасадам Сәтқалиев пен Росатом бас директоры Алексей Лихачев арасындағы келіссөздер барысы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік мәліметінше, Сәтқалиев Мәскеуде Росатом компаниясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстандағы "Балқаш" атом электр станциясын салу жобасы талқыланды.
“Біз станция құрылысына қазақстандық компанияларды тарту, жұмыстың бір бөлігін Қазақстанда жүзеге асыру, мамандар даярлау және ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Қуаныштысы, барлық мәселе бойынша ортақ түсінікке келдік. Екі елдің мүддесіне және мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестік сипатына толық сай келетін негізгі тәсілдер әзірленді”, – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша Алексей Лихачев "Балқаш" АЭС жобасын іске асыруға жан-жақты дайындық керегін айтты. Оның ішінде инженерлік және табиғи-климаттық зерттеулер жүргізу мәселесі де бар.
“Өндірістік бағдарламаның басым бөлігі орындалып жатыр. Алайда алаңды кем дегенде бір жыл бойы бақылауымыз қажет. Соның негізінде барлық қажет есептер дайындалып, жоба осы аумақтың табиғи, геологиялық және климаттық ерекшеліктеріне сай жүзеге асырылады”, – деді Росатом басшысы.
Оның айтуынша, “Балқаш” станциясының жобасы жергілікті ерекшеліктер ескеріле отырып әзірленеді. Оған қоса Ресейдің атом энергетикасы саласындағы технологияларына негізделеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан АЭС салу үшін 13 миллиард долларға дейін Ресейден несие алатыны хабарланған еді. Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС құрылысын қаржыландыруға қатысты мәселе туындамайды. Қазір Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие тетігін пысықтап жатыр.
Жобаның нақты құны жобалау аяқталған соң белгілі болады. Алдын ала есеп бойынша, қуаты 1 200 мегаватт екі энергоблоктың бағасы шамамен 15 миллиард доллар болады. Сәтқалиевтің сөзінше, бірінші станция бойынша жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Ол жобалау кезеңі орта есеппен 5–7 жылға, ал құрылыс 10–15 жыл уақыт алатынын айтты.
Сонымен қатар Қазақстанда Ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр. Ол барлық Атом электр станциясының иесі болып, оларды пайдалану және сервистік қызмет көрсетумен айналысады.
"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды
Оқыңыз