Қазақстан атом электр станциясын салу үшін Ресейден несие алады

Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС құрылысын қаржыландыруға қатысты мәселе туындамайды. Қазір Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие тетігін пысықтап жатыр.
“Бірінші келісім – атом станциясын салу туралы, ал екіншісі – ресейлік тараптың қаржы беруіне қатысты. Қаражаттың 85%-ы несие түрінде, 15%-ы Қазақстан үкіметі тарапынан қаржыландырылады. Бұл құжаттар жоғары дайындық деңгейінде”, – деді Сәтқалиев.
Жобаның нақты құны жобалау аяқталған соң белгілі болады. Алдын ала есеп бойынша, қуаты 1 200 мегаватт екі энергоблоктың бағасы шамамен 15 миллиард доллар болады.
Сәтқалиевтің сөзінше, бірінші станция бойынша жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр.
“Барлығы жоспар бойынша: Балқаш маңындағы Үлкен кенті жанындағы алғашқы алаңда жобалық-іздестіру жұмыстары толық аяқталды”, – деді ол.
Оның айтуынша, жобалау кезеңі орта есеппен 5–7 жылға созылады, ал құрылыс 10–15 жыл уақыт алады.
Сонымен қатар Қазақстанда Ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр. Ол барлық Атом электр станциясының иесі болып, оларды пайдалану және сервистік қызмет көрсетумен айналысады.
“Бұл атом энергетикасын дамытуға және жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған әртараптандырылған компания болады”, – деді агенттік басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы екінші АЭС-тің атауы белгілі болғаны туралы жазған едік.
"Балалар еденге жатып, суға түспеген": "Өзенмұнайгаз" қызметкерлерінің балалары барған лагерь талапқа сай болмай шығып, 315 мың теңге айыппұл арқалады
Оқыңыз