Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда АЭС құрылысының құны туралы ақпарат құпияландырылмақ

АЭС
Фото: magnific.com

Қазақстанда атом электр станцияларын салу және жөндеу құны мемлекеттік құпиялар қатарына енгізілуі ықтимал. Ақпаратты энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

29 сәуірде мәжіліс мемлекеттің қауіпсіздігіне жауапты құрылымдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған заң жобасын қабылдады. Құжатта мемлекеттік құпияларды қорғауды күшейту де қарастырылған.

Сұңғат Есімхановтың айтуынша, энергетикалық жобаларға қатысты ақпарат бұған дейін ашық жарияланып келген. Жалпы мұндай деректерді құпиялау жоспарланып отырған жоқ.

“АЭС бойынша мұндай ықтималдық болуы мүмкін. Өйткені бұл – өте ірі жоба. Үкіметаралық келісім болуы ықтимал. Бірақ бұл сұраққа Атом энергиясы агенттігіндегі әріптестерім жауап берсе дұрыс болар. Ал біздің барлық жоба бойынша бүгінге дейін мұндай мәселелерді жасырған емеспіз, өйткені олар ашық өтеді. Тендерлер мен аукциондар ұйымдастырылады, оған бақылаушылар қатысады”, – деді вице-министр үкіметтегі брифингте.

Айта кетейік, сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын бекітті. Стратегияға сәйкес, 2050 жылға қарай елімізде кемінде үш атом электр станциясы жұмыс істеуге тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан АЭС салу үшін 13 миллиард долларға дейін Ресейден несие алатыны хабарланған еді. Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС құрылысын қаржыландыруға қатысты мәселе туындамайды. Қазір Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие тетігін пысықтап жатыр.

Жобаның нақты құны жобалау аяқталған соң белгілі болады. Алдын ала есеп бойынша, қуаты 1 200 мегаватт екі энергоблоктың бағасы шамамен 15 миллиард доллар болады. Сәтқалиевтің сөзінше, бірінші станция бойынша жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Ол жобалау кезеңі орта есеппен 5–7 жылға, ал құрылыс 10–15 жыл уақыт алатынын айтты.

Сонымен қатар Қазақстанда Ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отыр. Ол барлық Атом электр станциясының иесі болып, оларды пайдалану және сервистік қызмет көрсетумен айналысады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 15:18