Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда төртінші АЭС салынатын жаңа өңір аталды

АЭС

Фото: atomic-energy.ru

Қазақстанда атом электр станциясын салуға Қостанай облысы қарастырылып жатыр. Мұны Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, елдегі энергия тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кемінде үш, ал болашақта төрт атом электр станциясын салу жоспарланған.

Сәтқалиев бірқатар әлеуетті алаңдар зерттелгенін айтты. Олар болжамды энергия балансы, экологиялық және сейсмикалық қауіпсіздік талаптары негізінде таңдалған.

“Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға қолайлы бірнеше бірегей алаң бар. Біріншіден, Балқаш маңы. Мұнда алтыға дейін ірі энергоблок салуға мүмкіндік бар. Екіншіден, Курчатов қаласы. Бұл өңірдің шағын және орта қуатты реакторлар үшін әлеуеті жоғары. Сонымен қатар Батыс Қазақстанда энергетикалық қондырғыларды біріктірілген режимде пайдалану тәжірибесі бар”, – деді ол.

Сонымен қатар агенттік басшысы тағы бір өңірге ерекше тоқталды. 

“Энергетикалық теңгерімге сүйенсек, Қостанай өңірі де алдағы 20–30 жылда атом элект станциясын салуға перспективалы орынға айналуы мүмкін”, – деді Сәтқалиев.

Осылайша, Қостанай облысы ұзақ мерзімді перспективада Атом электр станциясын салуға ықтимал өңірлердің бірі ретінде қарастырылып отыр.

Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Алматы облысында екі АЭС, тағы біреуі Батыс Қазақстан облысында салынатынын айтқан еді. "Росатом" Үлкен ауылында алғашқы АЭС-тің алдын ала жұмыстарын бастағаны туралы хабарлаған едік. Қазақстан үкіметі екінші атом электр станциясын Алматы облысының Жамбыл ауданына салатын болды.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 21 Сәуір, 2026 13:24