Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Батыс Қазақстандағы бір ауылдың тағдырын жат ағым қалай өзгертті?

айдың нұрына шомылған уахабистер
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

2000 жылдардың соңында Батыс Қазақстандағы ауылдарда үрей күшейді. Бірі Сирияға кетіп жатты, енді бірі қыздарын тоғызыншы сыныптан кейін тұрмысқа беріп, тұмшаланып кетті. Ауыл арасында "ай толғанда жиналып, құпия рәсімдер жасайды" деген әңгімелер тарады. Сол жылдары радикалды идеология ондаған отбасының тағдырын өзгертті. Бір үйдің үш ұлы соғысқа кетіп, анасы қайғыдан құдыққа батып өлген оқиға ел есінде әлі сақтаулы. Сарапшылар болса, бұл ағымдардың ықпалы қазір де толық жойылған жоқ деп есептейді. Осы ретте Stan.kz тілшісі Батыс Қазақстандағы саляфиттік және мадхалиттік ағымдардың таралуы, олардың қоғамға ықпалы мен қазіргі ахуалына қатысты зерттеу жүргізді.

"Сирияға барамыз деп бір үйдің үш ұлы "шаһид" болды"

Батыс Қазақстан облысы аумағындағы Орал қаласына қарасты ауылдардың бірінде тұрған кейіпкеріміз қауіпсіздік мақсатында өзінің аты-жөнін де, нақты ауыл атауын да жарияламауды сұрады. Біз онымен шартты түрде Гүлназ деген есіммен сөйлестік. Оның айтуынша, радикалды діни ағымдардың ықпалы күшейген кезең ауыл тұрғындарының санасында әлі күнге дейін үрей мен күмән қалдырған.

Гүлназдың айтуынша, 2007-2008 жылдары Батыс Қазақстанда, әсіресе жастар арасында, діни радикалды ағымдардың ықпалы өте күшейген. Ол сол кезеңді әлі күнге дейін үреймен еске алады.

"Ол кезде бәрі өте қорқынышты еді. Қазір ойласам, көп нәрсені біз бала болсақ та сезіппіз. Жас жігіттерді жаппай үгіттеп, Сириядағы, ИШИМ-дегі (ИГИЛ) соғысқа шақырып жатты. Кіммен соғысып жатқанын да, не үшін кетіп жатқанын да көп адам түсінбейтін. Бірақ сонда да сеніп, бәрін тастап кетіп жатты. Көбі Атырау, Ақтөбе арқылы өтіп, Түркия жақтан шекара асып кеткенін еститінбіз", – дейді ол.

Оның есінде ерекше қалған оқиғалардың бірі бір қазақ отбасының үш ұлы туралы қайғылы оқиға. Үлкен ағасы шамамен 1982 не 1984 жылғы, ортаншысы 1988 жылғы, ал кенжесі 1993 жылғы еді. Сол қоңырау соңғысы болған екен. 

"Бір үйдің үш ұлы бірінен кейін бірі кетіп қалды. Үлкендері алғашында хабарласып тұрған екен. Үш-төрт айда бір рет әкесіне қоңырау шалып, тірі екендерін айтатын көрінеді. Анасымен сөйлеспеген, себебі аналары қатты ауырып жүрген екен. Оны уайымдатқылары келмеген. Әкелері “елге қайтыңдар” деп жалынып сұрағанымен, олар “қайтсақ, бізді түрмеге жабады” деп жауап беретін болған", – деп еске алады Гүлназ.
бір үйдің үш баласы
Фото: Stan.kz | ЖИ көмегімен жасалған

Кейіпкердің айтуынша, арада шамамен екі жыл өткенде кенже ұл анасына соңғы рет хабарласқан. Оның сөзінше, жігіт аз уақыттан кейін қаза болатынын айтып, “бәрі шешіліп қойғанын” жеткізген. Сонымен қатар ол екі ағасының да “шахид” ретінде танк ішінде жарылып өлгенін айтқан. Әйелдің сөзінше, ең ауыр сәт жігіттің анасынан кешірім сұрауы болған. Ол өз атынан ғана емес, екі ағасының атынан да ата-анасының үмітін ақтай алмағандары үшін кешірім сұрап, “лайықты ұл бола алмадық” деген екен. Гүлназ осы оқиға ауыл ішінде үлкен күйзеліс тудырғанын еске алды. Үш бірдей бауырдың тағдыры көпшілікке ауыр соққы болып тиіпті. Оның сөзінше, олар түсініксіз соғыстың құрбанына айналып, бөтен елде мағынасыз қаза тапқандай әсер қалдырған. Кейіпкер бұл жағдайды әлі күнге дейін адам санасына сыймайтын қасірет деп қабылдайтынын айтады.

"Мен сол кезде қатты қорықтым. Үш бірдей баладан айырылу деген адам көтере алмайтын қасірет қой. Кейін аналары да шыдай алмай, өзіне қол жұмсағанын естідік. Ауылда бұл оқиға бәріне ауыр тиді. Адамдар балалары үшін қорқатын болды. Кіммен араласып жүргеніне, қайда барып жүргеніне қатты мән бере бастады. Қазір де кейде ауыл арасында түрлі әңгімелер айтылады. Кей адамдардың өз алдына бөлек топ болып жүргенін естиміз. Сондықтан үлкендер әлі күнге дейін жастарға сақ болуды айтып отырады. Себебі сол кезең талай отбасының тағдырын талқандады", – дейді Гүлназ.

Үйдің ауласындағы ауызсу толы құдыққа барып, өзін суға тастағанын естідік дейді Гүлназ. Оның есінде қалғаны үш баласынан айырылған ананың қасіреті бүкіл ауылға ауыр тиген.

"Қазір сол кеткендердің кейбірі “Жусан” бағдарламасымен елге қайтарылды деп естиміз. Кейбірі ол жақта үйленіп, бала сүйіп үлгерген. Қазір олардың балалары мектепке барып жүр. Ал ер адамдардың көбі түрмеде отыр дейді. Әйелдерімен арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр екен, оңалту, бейімдеу жүргізіліп жатыр дейді. Бірақ кейбірі ешқашан қайтпайтыны белгілі. Сол кезде ғана емес, қазір де ауыл арасында қорқыныштың бар екені сезіледі”, дейді ол.

"Жалаңаштанып айға қарап, рәсім жасайды": Ауылдағы жабық топтар туралы

Сол жылдары ауылда жұртты шошытқан түрлі әңгімелер жиі тараған. Әсіресе түнгі уақытта жасырын түрде өткізілетін діни рәсімдер туралы сөздер халықтың үрейін күшейткен.

"Ауыл арасында “ай толғанда олар далаға шығып жиналады екен” деген әңгімелер айтылатын. “Айдың нұрына шомыламыз” деп түн ортасында жалаңаштанып, үнсіз шеңбер құрып отырады, түсініксіз дұғалар оқиды, бір-біріне күбірлеп әлденелер айтады дейтін. Кейбірі айға ұзақ қарап тұрады екен, кейбірі трансқа түскендей қимылдар жасайды деген сөз еститінбіз. Оның қаншалықты рас екенін білмеймін, бірақ мұндай әңгімелердің өзі ауыл адамдарының зәресін алатын", – дейді ол.
 

Оның айтуынша, мұндай құпия жиналыстар туралы қауесеттер әсіресе ата-аналарды қатты алаңдатқан. 

"Үлкендер бізге “ондай адамдар жүрген жерге жоламаңдар” деп үнемі ескертіп отыратын. Кей үйлердің балалары өзгеріп кеткенін көрдік. Бұрынғыдай араласпайды, тұйықталып кетеді, кейін мүлде басқа өмір сүре бастайды. Сондықтан ауылда қорқыныш болды. Шынымды айтсам, ол үрей қазір де толық кеткен жоқ. Ешбір ата-ана баласының жаман жолға түскенін қаламайды. Сондықтан ондай ортадан, сондай адамдардан балаларын барынша алыс ұстауға тырысады. Біздің отбасымызда да мұндай адамдармен араласудың қажеті жоқ екені жиі айтылатын. Өйткені олардың ішінде шынайы дін ұстанатын адам бар ма, әлде діни фанатизмге берілген адам бар ма оны бірден аңғару қиын", – дейді ол.

Гүлназдың айтуынша, ол жоғары оқу орнына түсер кезеңде ата-анасы қатты алаңдаған. Сол уақыттағы діни радикалды ағымдардың ықпалы күшейгендіктен, олар қызының мешіттерге немесе діни ұйымдарға ұқсас орындарға бармауын қатаң ескертіп отырған. Кейіпкердің сөзінше, ол жылдары жастардың күмәнді діни топтардың ықпалына түсіп кетуі қоғамда жиі кездесетін жағдайға айналған.

"Негізі бұл 2008 жылдардағы үлкен әлеуметтік мәселелердің бірі болды. Ол кезде мен тоғызыншы сыныпты аяқтап жатқанмын. Сол уақытта менің көптеген таныстарым, сыныптастарым теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кетті. Тоғызыншы сыныптан кейін колледжге, училищеге түсуі керек жастардың бір бөлігі мүлде басқа жолды таңдады. Қыздардың көбі ерте тұрмысқа шығып, хиджаб киіп, бірінен соң бірі бала тууға кірісті. Қазір сол қатарластарымның балалары мектеп бітіретін жасқа жетті", – дейді Гүлназ.
хиджаб киген қыздар
Фото: freepik.com

"Радикалды ағымдар жасырын түрде күшейіп келеді: Саляфизм мен уахабизм бір ағым ба?"

Ал дінтанушы Жандәулет Сүлейменов радикалды діни ағымдардың Қазақстанда, әсіресе, Батыс өңірлерде таралуы 2007-2008 жылдары емес, одан әлдеқайда ертерек басталғанын айтады. Оның сөзінше, осы процесстің алғашқы белгілері 1990 жылдардан кейін байқала бастаған. Маманның пікірінше, Кеңес Одағы ыдырап, қоғам атеистік жүйеден енді ғана шыға бастаған тұста халықтың діни сауаты төмен болған. Ал дәл осы кезеңде түрлі радикалды топтар өз идеологияларын астыртын түрде таратып үлгерген.

"Ол кезде мемлекет үшін бірінші орында экономикалық жағдай тұрды. Сондықтан діни идеологиялардың қоғамға қалай еніп жатқанына терең назар аударылмады. Радикалды ағымдар шамамен он жыл бойы өз идеяларын біртіндеп таратып келді. Алғашында бұл ашық көрінген жоқ. Бірақ уақыт өте келе олардың ықпалы нақты байқала бастады. Сол кезеңде жастар радикалды идеологияның негізгі нысанасына айналған. Әсіресе діни сауаты төмен, өмірлік бағыты әлі қалыптаспаған жас буын мұндай үгіт-насихатқа тез ерген", – дейді дінтанушы.

Жандәулет Сүлейменовтің 2000-2010 жылдар аралығында мемлекетте діни экстремизммен күресуге арналған нақты әрі кешенді әдістемелік база толық қалыптаспағанын атап өтті. Теологиялық оңалту жұмыстары да жүйелі жүргізілмеген. Соның салдарынан түрлі радикалды ағымдардың ықпалы күшейіп, олар қоғам ішінде еркін тарала бастаған дейді ол. Дінтанушы кейбір өңірлерде мұндай топтардың мешіт маңына шоғырланғанын да жоққа шығармайды. Оның айтуынша, мешіттер барлық мұсылман үшін ашық болғандықтан, әртүрлі жамағат өкілдері сол жерлерде араласып, байланыс орнатқан.

"Олар мешітті ашық түрде радикалды орталыққа айналдырды деуге болмайды. Бірақ намаз уақытында кездесіп, өзара байланыс орнатуға тырысқаны байқалды. Кей өңірлерде белгілі бір топтардың мешіт айналасында жиі шоғырланатыны туралы ақпараттар болды. Қазір Қазақстанда саляфизмнің түрлі тармақтары кең таралып үлгерді. Соның ішінде мадхализм бағытына ерекше назар аудару қажет", – дейді Жандәулет Сүлейменов.

Жандәулет Сүлейменов сөзінше, мадхализм өкілдері өздерінің радикалды көзқарастарын ашық көрсетпейді. Керісінше, өздерін бейтарап әрі мемлекетшіл етіп көрсетуге тырысады. Алайда дінтанушы бұл ағымның идеологиялық тұрғыдан қауіпті екенін атап өтті.

"Өздерін бейтарап ұстанатындай көрсетеді. "Біз мемлекетті қолдаймыз", "мемлекеттің позициясын дұрыс деп санаймыз", өз іштерінде президентті "пашта" дейді. Сөйтіп олар шариғи тілде "патшаның әміріне бой ұсынамыз" дейді. Бірақ идеологиялық тұрғыдан қарасақ, олар қоғам үшін өте қауіпті. Мемлекеттік және елдік мүдде үшін осы ағым өте қауіпті. Себебі кез келген уақытта олар өздерінің шынайы бейнесін көрсетуі ғажап емес. Ал идеологиялық тұрғыдан оны көріп отырмыз. Қазір қауіпсіз көрінгенімен, олардың жақтастарының ішінде түзету мекемелерінде Қылмыстық кодекстің 174-бабы "Діни алауыздықты тудырту" бойынша сотталып отырған жақтастары түрмеде өте көп", – дейді Жандәулет Сүлейменов.

Дінтанушы Жандәулет Сүлейменов мадхалиттік бағыт өкілдерінің өзін "заңға бағынатын жамағат" ретінде көрсететінін айтады. Алайда оның пікірінше, егер олар расында мемлекеттің ұстанымын толық мойындаса, онда Қазақстан заңында көрсетілген дәстүрлі ханафи мәзһабын қабылдауы керек еді. Сырттай бейтарап көрінгенімен, олардың идеологиялық ұстанымы мүлде басқа дейді маман. Оның пікірінше, мұндай топтардың идеологиялық негізі террорлық әрекеттерімен танылған радикалды жамағаттардан алыс емес.

"Олардың “спящий ячейка” секілді жасырын ұстанымдары бар. Мүмкіндік туса, радикалды әрекетке баруы ғажап емес. Негізі, олардың түпкі идеологиясы “тәкфир” жамағаттарынан аса қатты ерекшеленбейді. Қоғамда "сәләфизм" мен "уахабизмді" екі бөлек ағым ретінде көрсету жиі кездеседі. Алайда олардың түп негізі бір. "Сәләф" ұғымы ислам тарихында алғашқы ізгі буынға қатысты қолданылғанымен, кейін бұл атауды XVIII ғасырда пайда болған уахабистік идеология өз мақсатына пайдаланған. Олар өздерін “салафтардың жолын ұстанушылармыз” деп көрсетеді. Бірақ кейінгі радикалды идеологияны сол тарихи атаумен бүркемелеп алды. Сондықтан сәләфизм мен уахабизмді бөліп қарауға болмайды", – дейді Жандәулет Сүлейменов.
Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб
Фото: khayriddinabdulla.com

Оның негізін қазіргі Сауд Арабиясы аумағында Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб қалап, ағым оның есімімен "уахабизм" деп аталды. Бағыт өкілдері өздерінен өзгелерді "адасқандар" деп санап, исламның алғашқы кезеңіндегі саләфтардың өмір салтын үлгі етуге шақырды.

Радикалды топтар қоғамның қай саласына еніп жатыр?

Жандәулет Сүлейменов қазір еліміде осы бағытты ұстанушылардың қатары көбейгенін және олардың ықпалы тек діни ортамен шектелмейтінін атап өтті.

"2015-2020 жылдарға дейін олар негізінен діни насихатпен, агитациялық жұмыстармен ғана көрінді. Ал қазір жаңа бағытқа көшіп жатыр. Көпшілік мұндай ағым өкілдерін тек дінде жүреді деп ойлайды. Бірақ олар экономикалық ықпалын күшейтуге кірісті. Яғни әлеуметтік және қаржылық әлеуетін арттырып жатыр. Қазір бағытты қолдайтын ірі бизнес өкілдері де бар", – дейді маман.

Жандәулет Сүлейменов бағытқа кіргендердің арасында спорт, өнер, кәсіпкерлік саласындағы адамдар да бар, тіпті билік құрылымдарында болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

"Қазір олар тек діни ортамен немесе азық-түлік, киім-кешек саудасымен шектелмейді. Құрылыс саласына дейін кіріп жатыр. Тіпті 4-5 жыл бұрын депутаттық корпусқа үміткер болуға талпынғандары да болды. Сондықтан бұл жай ғана қысқа мерзімді құбылыс емес. Олардың өз стратегиясы бар. 2040-2050 жылдары қандай деңгейге жететінін қазір нақты болжау қиын", – дейді маман.

Дінтанушы саляфиттік бағытты ұстанушыларды кейбір діни және тұрмыстық ерекшеліктері арқылы байқауға болатынын айтады. Оның сөзінше, олар көбіне өлген адамға Құран бағыштауды, бет сипауды, келіннің сәлем салуын жоққа шығарып, ханафи мәзһабы мен мешіт имамдарының ұстанымын қабылдамайды.
"Олар көп жағдайда отбасын толық өз идеологиясына тартуға тырысады. Заңды да ішінара мойындамайтын көзқарастары бар. Осыған байланысты нақты бір оқиғаны мысалға келтірейін. Бір азамат Мысырға “діни білім аламын” деп кеткенімен, арада бірнеше ай өткен соң соғыс аймағына жіберілген. Оған “діни сауатыңды ашамыз” деп үгіт жүргізген. Өзі Қазақстанда жүргенде де радикалды ағым ықпалында болған. Кейін соғысқа қатысып, сол жақта қаза тапқан", – дейді Жандәулет Сүлейменов.

Маманның сөзінше, мұндай жағдайда қалған әйелдерді радикалды орта өз идеологиясында ерекше қабылдайды.

"Кейін ол соғысқа қатысып, сол жерде қайтыс болды. Кейін әйел екінші күйеуге тиді. Мұндай әйелдердің сол жердегі жамағат өкілдері жалпы жақсы көтеріп бағалайды. Өйткені "үлкен тұлғаның әйелі", "батырдың әйелі" деп қарайды. "Алла үшін құрбан болған бауырымыздың әйелі" деп әлеуметтік жағынан бастапқыда көп көмек береді", – деп түсіндірді дінтанушы.

радикалистің әйелі
Фото: Donald R. Allen / U.S. Air / Keystone Press Agency / Global Look Press

Жастар радикалды идеологияның негізгі нысанасына айналған – ҰҚҚ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қоғамның радикалдануына сыртқы ықпалдың әлі де негізгі қауіптердің бірі болып отырғанын мәлімдеді. Комитет мәліметінше, мұндай идеологияларға әсіресе 18-25 жас аралығындағы жастар бейім келеді. Сонымен қатар экстремистік идеяларды таратуда интернет пен жасанды интеллект технологияларының ықпалы күшейгені атап өтілді.

"Сот шешімдерімен Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған террористік және діни-экстремистік ұйымдар қоғам үшін әлі де қауіпті болып табылады. 2026 жылдың бірінші тоқсанында жастар арасында 1843 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, 97 357 адам қамтылды. Ал 2025 жылы 10 153 іс-шара өткізіліп, 534 509 адам қамтылған", – делінген комитет жауабында.

Сондай-ақ ведомство "Жусан" гуманитарлық операциясы аясында елге қайтарылған азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу жұмыстары мемлекет бақылауында жалғасып жатқанын жеткізді.

"Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары барысында азаматтарға зайырлылық қағидаттары, дін саласындағы мемлекеттік саясат және дінді радикалды мақсатта пайдаланудың қауіптілігі түсіндіріледі. “Жусан” операциясы арқылы қайтарылған азаматтарды оңалту және әлеуметтік бейімдеу шаралары кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр", – деп пікір білдірді ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Айта кетейік, ресейлік тарихшы Поляков өзінің "Исламский экстремизм в Центральной Азии" атты зерттеуінде Қазақстандағы радикалды діни идеологияның таралуы аяқ астынан пайда болмағанын жазады. Автордың пікірінше, елдегі экстремизмнің тамыры тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ қалыптаса бастаған.

Ғалым Қазақстандағы исламдық экстремизмнің дамуын үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезеңде, яғни 1991-1998 жылдары елде діни ұйымдарға бақылау әлсіреп, шетелдік миссионерлер еркін кіріп, халықтың діни сауаты төмен болған шақта радикалды идеология қоғамға тереңдей енген. Сол уақытта мемлекет экономикалық қиындықтармен арпалысып жатқанда, түрлі ағымдар жастардың санасын жаулай бастаған.

1999-2010 жылдары Қазақстан экстремизмге қарсы заң қабылдап, діни ұйымдарды бақылауды күшейткен. Алайда зерттеуші бұл кезеңде қауіп толық тоқтамағанын атап өтеді. Керісінше, 2008-2009 жылдары қауіпсіздік қызметтері ел ішінде алғашқы террористік әрекеттердің алдын ала бастаған.

Ал 2011 жылдан кейін жағдай мүлде ушығып, радикалды топтар ашық террор жолына көшті. Ақтөбе, Атырау, Тараз бен Алматы облысында болған жарылыстар мен шабуылдар ел қауіпсіздігіне үлкен соққы болды. Поляковтың дерегінше, 2011-2012 жылдары Қазақстанда 14 теракт жасалып, 70 адам қаза тапқан. Оның ішінде күштік құрылым қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар да бар.

Stan.kz
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 10:00