Пойызда дәретхана “жарылып”, жолаушыға нәжіс шашыраған: Әйелге 3 миллион теңге өтемақы төленетін болды

"Астана – Петропавл" бағытындағы пойызда келеңсіз жағдайға тап болған қазақстандық әйел 3 миллион теңге өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жолаушының арызы бойынша істі Астананың ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты қарады. Әйел тасымалдаушы компанияны сотқа беріп, көрсетілген қызметті сапасыз деп тануды және моральдық шығын үшін өтемақы төлеуді талап еткен.
Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 7 наурызда болған. Вагонның санитарлық жүйесіндегі техникалық ақау салдарынан дәретхана ішіндегі заттар апатты жағдайда сыртқа атқылап шыққан. Соның нәтижесінде нәжіс жолаушы әйелдің үстіне шашыраған.
Киімі мен жеке заттары былғанған әйел күйзеліске ұшыраған. Сотта әйел бұл жағдайдың өзін қатты қорлап, психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болғанын мәлімдеді.
Оқиға дерегі Астананың көлік инспекциясы жүргізген тексеру материалдары, оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер және тасымалдаушыға қатысты әкімшілік хаттама арқылы растады.
Сот жолаушыға сапасыз қызмет көрсетілген деген қорытындыға келді. Шешім қабылдау кезінде сот "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңға және Азаматтық кодекстің тиісті нормаларына сүйенді.
Нәтижесінде талап-арыз ішінара қанағаттандырылды. Тасымалдаушыдан жәбірленушіге моральдық зиян ретінде 3 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, 2026 жылдың наурызында Астана-Петропавл бағытындағы пойыздың дәретханасы “жарылып”, жолаушыға нәжіс шашырағаны туралы жазған едік. Артынша “Қазақстан темір жолы” компаниясы оқиғаға қатысты тексеріс жүргізілгенін хабарлады. Тексеріс нәтижесінде вагонның санитарлық жағдайын тиісті бақыламағаны үшін пойыз басшысы қызметінен босатылып, учаске бастығына қатаң сөгіс жарияланған еді.
"Тегін тексермей, ақылы қызметке жіберді": МӘМС жайлы айтқан алматылық емхана қызметкері қысым көріп, жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді
Оқыңыз