Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте пойызда мас жолаушы шу шығарып, бала жарақат алды (видео)

пойыздағы шу
Фото: Оқырманнан

“Нұрлы жол – Шымкент” бағытындағы пойызда мас жолаушы түні бойы жолаушылардың мазасын алып, купеде дәрет сындырған. Оқиға кезінде кішкентай бала саусағын есікке қыстырып алып жарақаттанған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

“Нұрлы жол” – Шымкент бағытындағы пойызда жолаушылардың тынышын бұзған мас ер адамның әрекеті дауға ұласты. Жолаушы әйелдің айтуынша, ер адам түн ортасында купеге мас күйінде келіп, шу шығарып, кейін ұйықтап жатып төсек орнына дәрет сындырған. Оқиға кезінде кішкентай бала да жарақат алған.

Жолаушының сөзінше, 3 мамыр күні пойызға мінген ер адам түнгі сағат 01:30 шамасында қатты мас күйде оралып, ішкиіммен жоғарғы орынға жатқан. Онымен бірге дәлізде тағы екі мас адам шулап жүрген.

“Алкоголь иісі өте ауыр болды. Купеде отыру мүмкін емес еді. Есікті ашсақ дәліздегі шу ұйықтатпайды, жапсақ іште демалу қиын”, – дейді жолаушы.

Түнгі сағат төрт шамасында жағдай мүлде ушыққан. Әйелдің айтуынша, ер адам ұйықтап жатып өз орнына дәрет сындырған. Осы сәтте жолсеріктер шақырылып, мәселе реттеліп жатқанда жолаушының баласы абайсызда саусағын есікке қыстырып алған.

Оқиғадан кейін Сарышаған станциясында полиция мен жедел жәрдем шақырылып, тәртіп бұзған жолаушы пойыздан түсірілді. Жолаушылар тасымалы компаниясы оқиғаны растады. Компания мәліметінше, пойыз бригадасы жедел әрекет етіп, желілік полиция қызметкерлерін шақырған. Ал балаға қажет медициналық көмек көрсетілген.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп бұзушы Қарағандының 50 жастағы тұрғыны болып шыққан. Ол вагон-ресторанда ішімдік ішіп, кейін қоғамдық тәртіпті бұзған.

Ер адамға қоғамдық орында мас күйде жүргені және тыныштықты бұзғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш (42 250 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Кейін Қарағанды мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оны ұсақ бұзақылық бойынша кінәлі деп танып, тағы 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) айыппұл тағайындады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық әйел Қызылорда-Павлодар бағытындағы пойызда өзіне мас жолаушы тиісіп, агрессивті әрекет жасағанын мәлімдегені хабарланған еді. Түнде баласымен жалғыз келе жатқан жолаушы полиция шақыруға мәжбүр болған.

Полиция шамамен бес сағаттан кейін келіп, түсініктеме алған. Әйел қатты шаршағанын және баласының қауіпсіздігіне алаңдағанын айтып, бастапқыда шағым жазудан бас тартқанын жеткізді. Кейін ол қайтадан ресми арыз түсіріп, пойыздағы жолаушылар қауіпсіздігіне қатысты оқиғаны тексеруді талап етті.

Айым Атамбаева
Жұма, 22 Мамыр, 2026 17:22