Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эболадан көз жұмған футболшының мәйітін бермегенге ашуланған топ емхананы өртеп жіберді

Эбола орталығы
Фото: noi.md

Конгода Эбола вирусын жұқтырғандарды емдейтін орталыққа жиналған топ шабуыл жасап, ғимаратты өртеп жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Конгода ашулы топ Эбола жұқтырғандарды емдейтін орталықты өртеп жіберді. Тәртіпсіздік қайтыс болған футболшының туыстарына мәйітті жерлеуге беруден бас тартқаннан кейін басталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, елдегі індеттің жаңа толқынынан қазірдің өзінде 177 адам қаза тапқан.

Эболадан қайтыс болған жергілікті футболшының туыстары Рвампара қаласындағы ауруханадан оның мәйітін күшпен алып кетпек болған. Бұған дейін марқұмның жақындары қауіпсіз жерлеу рәсімінен бас тартқан. Дәрігерлердің айтуынша, Эболадан көз жұмған адамның денесі өлімнен кейін де аса жұқпалы болып қалады, ал талапқа сай емес жерлеу індеттің таралуына себеп болады.

Марқұмның анасы ұлының Эболадан емес, іш сүзегінен қайтыс болғанын мәлімдеген.

Туыстары оның мәйітін күшпен алып кетпек болғанымен, медицина қызметкерлері рұқсат бермеген. Осыдан кейін ашуға булыққан отбасы мүшелері палаталарға түрлі заттарды лақтырып, соның салдарынан өрт шыққан. Сол кезде палаталардың ішінде алты науқас болған. Олардың барлығы кейін ауруханаға ауыстырылды.

Конго билігінің мәліметінше, бұл жағдай халық арасында жалған ақпараттың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті. Өйткені Итури провинциясының көптеген тұрғыны “Эбола – ойдан шығарылған ауру” деп санайды.

Билік Эболадан қайтыс болғандарды жерлеу рәсімін қатаң бақылауда ұстап отыр. Себебі мәйіттер әлі де аса жұқпалы болып саналады және жерлеуге дайындаған адамдарға вирус жұғу қаупі жоғары.

Қазіргі Конгода Эболаның қауіпті штамы жылдам таралып жатыр. Сонымен қатар бір күн ішінде 13 жаңа расталған жағдай және Итури провинциясында тағы 78 күдікті жағдай тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы індетті “халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай” деп жариялады.

Айта кетейік, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бұл індетке Эболаның сирек кездесетін Bundibugyo штамы себеп болғанын хабарлаған. Әзірге бұл вирусқа қарсы әлемде вакцина да, арнайы ем де жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасы мен Угандадағы Эбола індетіне байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған еді. Мамандардың мәліметінше, індет Бундибугё штамынан тараған. Қазір Конгода ондаған адам көз жұмып, жүздеген күдікті жағдай тіркелген.

Айым Атамбаева
Сенбі, 23 Мамыр, 2026 08:52