Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурор Оразалы Ержановтың бас бостандығын төрт жыл шектеуді сұрады

Оразалы Ержанов сотта
Фото: Stan.kz

Мемлекеттік айыптаушы референдумға бойкот жариялауға шақырған қоғам белсендісі Оразалы Ержановқа төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін, 22 мамырда Алматының Алмалы аудандық сотында заңсыз шығарылған активтерді қайтарумен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры Оразалы Ержановқа қатысты сот отырысы өтіп жатыр.

“Оразалы Ержановты Қылмыстық кодекстің 155-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған төрт жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраймын”, – деді прокурор Жәнібек Мамытов.

Сондай-ақ прокурор қосымша жаза ретінде Ержановты бес жыл мерзімге қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Бұл тыйым түрлі конференциялар, пікірталастар, телебағдарламалар, соның ішінде әлеуметтік желілердегі талқылауларға да қатысты.

 Сонымен бірге азаматтардың түрлі жиналыстарын ұйымдастыруға және оларға қатысуға, еске алу және жеке сипаттағы іс-шараларды қоспағанда, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси тақырыптағы бейнематериалдарды БАҚ, әлеуметтік желілер және басқа да телекоммуникация арналары арқылы таратуға, жариялауға, трансляциялауға және репортаж жасауға тыйым салу ұсынылды.

Бұдан бөлек, Ержановқа бес жыл бойы БАҚ құруға және оның қызметіне қатысуға, оның ішінде баспагер, өкіл немесе журналист ретінде жұмыс істеуге тыйым салу сұралды. Сондай-ақ ол азаматтар мен қоғамның саяси, мәдени және кәсіби қажеттіліктерін жүзеге асыруға байланысты публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Оразалы Ержанов – заңсыз шығарылған және жекешелендірілген активтерді қайтарумен айналысатын Elge Qaitaru қоғамдық қорының директоры әрі тең құрылтайшысы. Сонымен қатар ол Transparency International Kazakhstan қамқоршылық кеңесінің құрамына кіреді. 2000 жылдары Ержанов “KEGOC” компаниясының бірінші вице-президенті және “Наурыз банк Қазақстан” басқармасының төрағасы болған.

Еске салайық, бұған дейін Оразалы Ержанов 26 ақпанда әлеуметтік желілердегі жарияланымдары үшін ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол жазбаларда “шындыққа жанаспайтын ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақыру және шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлерін пайдаланып, азаматтарды жаңылыстыратын өзге де мәліметтер” болған.

Оған сайлау құқықтарының жүзеге асырылуына кедергі келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айып тағылғанға дейін Ержанов 10 тәулікке қамауға алынған, кейін бұлтартпау шарасы қамауда ұстаудан үйқамаққа ауыстырылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 15:21