"Қыздың басында полиэтилен пакет болған": Астанада қаза тапқан студенттің туыстары тергеуге күмән келтіреді

Астанада көз жұмған 20 жастағы студент Айсәуле Қанахидің туыстары оның өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспейтіндерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, қыз бірнеше күн бойы интернет-алаяқтардың психологиялық қысымына ұшырап, ірі көлемде ақша аударғаннан кейін күмәнді жағдайда көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанада қаза тапқан 20 жастағы студент Айсәуле Қанахидің туыстары оның өліміне қатысты "өз-өзіне қол жұмсады" деген нұсқаға сенбейтіндерін айтып, тергеудің үстірт жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, бұл оқиғаға байланысты жауапсыз қалған сұрақтар көп.
Марқұмның туыстарының сөзінше, биыл наурыз айының соңында Айсәуле бірнеше күн бойы интернет-алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған. Ол алаяқтарға 1,1 миллион теңгеден астам ақша аударып, алтын әшекейлерін ломбардқа өткізген.
Кейін белгісіз адамның шақыртуымен таксиге отырып, үйінен кетіп қалған. Айсәуленің денесі 1 сәуір күні таңертең жағалаудан табылған. Әкесінің айтуынша, қызының басында полиэтилен пакет болған, алайда ол өте бос байланған және мойнында ешқандай із қалмаған.
"Мамандардың айтуынша, адам асылып қалған жағдайда да инстинктивті түрде мойнындағы ілмекті шешуге тырысады. Ал мұнда қыз шалқасынан жатқан, ешқандай тырысудың белгісі байқалмайды. Мүмкін, ұйықтататын дәрі ішкен шығар деп те ойладық, бірақ қанынан ештеңе табылмаған", – дейді Айсәуленің әкесі Саябек Қанахи.
ОқыңызСондай-ақ әкесінің сөзінше, алғашқы полиция хаттамасында маңдай тұсындағы көгерген із туралы айтылған. Оны мәйітті жуындыру кезінде де көрген, алайда кейін бұл дерек сот-медициналық сараптама материалдарынан жоғалып кеткен.
Марқұмның әкесі алаяқтардың кем дегенде біреуі қызы қайтыс болған сәтте оның жанында болуы мүмкін деп есептейді. Ақша аударымдарын алғандардың бірі "Калашников Д.Н." есімді адам оқиға алдында Айсәулеге "Сені көріп тұрған жоқпын" деп жазған. Сондай-ақ дәл осы адам оған сауда орталығындағы банкоматқа дейін такси шақырып берген.
Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін 40 күннен астам уақыт өтсе де, көптеген тергеу әрекеттері жүргізілмеген.
"Қазір полиция бізді өтірік айтып отыр деп кінәлап отыр. Бірақ осы уақыт ішінде бізді тек екі рет қана шақырды, оның өзінде әлеуметтік желіде мәселе көтергеннен кейін ғана. Тергеушілер Айсәуленің телефоны бұғаттаулы болғандықтан хат-хабарларын қарай алмаймыз деді. Бірақ телефонын полицияға тапсырмас бұрын, екінші қызым бұғаттауды алып тастаған. Олар тіпті телефонды қосудың өзін жасамаған", – дейді Саябек Қанахи.
Туыстары бұл жағдайды жүйелік мәселе деп атап, заңнаманы өзгерту қажет екенін айтады. Сондай-ақ олар тергеудің екі бөлек іске интернет-алаяқтық және өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу баптарына бөлінуіне наразы. Олардың пікірінше, бұл кибералаяқтардың әрекеті мен қыздың өлімі арасындағы байланысты толық зерттемеуге әкеліп отыр.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылғы 23 ақпанда Алматы облысында ер адам желке тұсынан күрекпен соққы алып, ауыр жарақаттан көз жұмған еді. Марқұмның туыстары күдіктінің әрекеті қасақана жасалғанын айтып, істі "Адам өлтіру" бабы бойынша қайта саралауды талап етуде. Қазір күдікті қамауға алынған, ал іс сот қарауына жолданған.
Ақтауда липосакция жасатпақ болған мәслихат депутаты мерт болды: Жекеменшік клиника талаптарға сай емес екені анықталды