Қазақстанда курьер тауармен бірге жоғалып кетсе не істеу керек: Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті жауап берді

Қазақстанда платформа арқылы тапсырыс беріп, кейін курьердің тауармен бірге жоғалып кетуіне қатысты шағымдар көп. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Болат Танабергенов осындай жағдайда не істеу керек екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Брифинг кезінде курьерлердің жауапсыздығына платформа жауапкершілік алмайтынын айтылды. Осы тұста Болат Танабергенов те мұндай жағдайлардың елімізде кездесіп жүргенін растады.
“Бірақ мұндай жағдайлар өте жиі емес, сирек кездеседі. Рас, біз тұтынушы ретінде тапсырысты жеткізетін курьерді таңдай алмаймыз. Бәрі қосымша арқылы автоматты түрде бөлінеді. Дегенмен, өкінішке қарай, платформаларда жауапсыз қызметкерлер кездесіп қалатын жағдайлар да болады. Бұл мәселені назарға аламыз. Заңды қарау кезінде тиісті ұсыныстарды енгізу мүмкіндігін қарастырамыз”, – деді ол.
Танабергенов платформалар жауап беруі үшін алдымен платформа мен курьер арасындағы шартты қарау керек екенін алға тартты.
“Әр жағдайда жеке келісімшарт болады. Қазір қарап отырмай, нақты жауап беру қиын. Егер мұндай жағдай болса, клиент алдымен қызмет көрсетушіге ресми түрде шағым жолдауы керек. Яғни платформаның өзіне үш жолмен: қолма-қол тапсыру арқылы, пошта арқылы немесе қызмет көрсету кезінде көрсетілген электронды поштаға. Шағым 10 күн ішінде қаралуы тиіс. Сатушы немесе қызмет көрсетуші оған жауап беруге міндетті. Егер жауаппен келіспесеңіз немесе мүлде жауап берілмесе, онда тұтынушы аумақтық департаментке немесе тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне жүгінуге құқылы”, – деп қосты ол.
Комитет төрағасының орынбасары Дәурен Исмаилов осы тұста қазір осыған байланысты электронды сауданы реттеуді күшейту мәселесі қарастырылып жатқанын алға тартты.
“Платформа көбіне тек сауда алаңы ретінде жұмыс істейді. Кей жағдайда ол курьерлік қызметпен тікелей келісім жасайды. Ал кейде сатушы өзі курьерді жалдайды. Сондықтан әр жағдай жеке қарастырылады.
Қазір заң жобасы аясында электронды сауданы реттеуді күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Оның ішінде жеткізу қызметі мен курьерлердің жауапкершілігі, сондай-ақ тауарды тұтынушыға жеткізу тәртібін нақтылау да бар”, – деп түсіндірді ол.
Оқыңыз