Курьердің сөмкесі ішек инфекциясын таратуы мүмкін: Дәрігерлер ескерту жасады

Қазақстанда тағам жеткізу қызметіне байланысты қауіп-қатерге назар аударылды. Санитар дәрігерлердің айтуынша, курьерлердің сөмкелері мен рюкзактары инфекция мен тағамнан уланудың көзіне айналуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының тағам қауіпсіздігі секторының санитар дәрігері Қарлығаш Әбдіжаббарова тағам жеткізу асүй мен тұтынушы арасындағы маңызды кезең екенін айтты.
Маманның сөзінше, егер қаптама немесе контейнер дұрыс жабылмаса, тағамға химиялық және биологиялық ластағыштар түсуі мүмкін. Бұл тағамнан улануға және инфекцияларға әкеп соғады. Сондықтан сыртқы ластанудан қорғауға арналған курьер сөмкелері мен рюкзактарының тазалығы маңызды.
Алайда сарапшының айтуынша, мұндай сөмкелердің өзі де ластану көзіне айналуы ықтимал.
Тағамға қандай инфекциялар түсуі мүмкін?
Қарлығаш Әбдіжаббарова курьер сөмкелері арқылы тағамға түсуі мүмкін микробтарды атады. Олардың қатарында сальмонелла, алтын түстес стафилококк, ішек таяқшасы, иерсиния, листерия, сондай-ақ зең және ашытқы саңырауқұлақтары бар.
Бұл микроағзалар ішек инфекцияларына, тағамнан улануға және тағамның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Кейбірі адам ағзасына қауіпті токсиндер бөледі.
Неге бактериялар сөмкеде көбейеді?
Маманның айтуынша, санитарлық талаптар сақталмаған жағдайда курьер рюкзактары бактериялардың көбеюіне қолайлы ортаға айналады.
“Егер мұндай контейнерлердің ішкі қаптамасы тағаммен жанасуға арналмаған материалдардан жасалса, тағамға химиялық ластағыштар түсуі мүмкін. Олардың құрамында улы заттар болуы ықтимал”, – дейді маман.
Санитар дәрігердің сөзінше, ыстық, майлы немесе қышқыл тағаммен жанасқан кезде қауіп арта түседі.
“Санитарлық талаптар сақталмаса, курьер сөмкелері мен контейнерлерінде бактериялардың белсенді көбеюіне қолайлы жағдай қалыптасады. Бұл жұқтыру қаупін арттырады”, – деді Қарлығаш Әбдіжаббарова.
Негізгі қауіп факторлары мыналар:
- Сөмкеде тамақ қалдықтарының, майдың, сорпа немесе тұздық тамшыларының қалуы;
- Шикі өнім мен дайын тағамды, таза және лас ыдысты бірге тасымалдау;
- Температуралық режимнің бұзылуы;
- Ылғалдың жоғары болуы;
- Рюкзакты сирек немесе дұрыс жумау және дезинфекцияламау;
- Сөмкенің ішкі қабатының бүлінуі.
ОқыңызЖеткізу қызметтері қандай талаптарды сақтауы керек?
Қазақстандағы санитарлық талаптар тағамды тасымалдау шарттарын нақты реттейді. Міндетті талаптарға таза әрі тығыз жабылатын қаптаманы пайдалану, рұқсат етілген жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану, контейнер ішінде қауіпсіз әрі жуылатын материалдардың болуы, сондай-ақ ауызсу стандарттарына сай суды пайдалану жатады.
Курьер сөмкесін қалай дұрыс тазалау керек?
Санитарлық өңдеу төрт кезеңнен тұрады: тазалау, жуу, дезинфекциялау және толық кептіру.
“Осы кезеңдердің біреуі ғана орындалмаса, бактериялар мен зеңнің көбею, сондай-ақ тағамның ластану қаупі айтарлықтай артады”, – деп ескертті санитар дәрігер.
Әр ауысымнан кейін сөмкені жуып, дезинфекциялап, толық кептіру қажет. Күн ішінде беткі қабаттарын сүртіп, ластанған жерлерін бірден тазалап, ыстық және суық тағам жеткізу кезінде температураны бақылау керек.
Аптасына бір рет терең тазалау жүргізіп, сөмкенің жай-күйін, жағымсыз иіс, зең немесе бүлінген жерлердің бар-жоғын тексерген жөн.
Тұтунушыларға кеңес
Мамандар тапсырыс алған кезде қаптаманың бүтін екенін тексеруге, ластану белгілері бар өнімді қабылдамауға, тез бұзылатын тағамды бірден тұтынуға немесе тоңазытқышта сақтауға кеңес береді. Күмән туындаса, жеткізу қызметіне хабарласу қажет.