Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар 2026 жылы қай елдерге визасыз бара алады

Саяхаттап жүрген қыз
Фото: Magnific.com

2026 жылы қазақстандықтар визасыз бара алатын елдердің тізімі тағы кеңейді. Кейінгі екі жылда Қазақстан бірнеше танымал бағыт бойынша жаңа келісімдер жасап, кіру шарттарын жаңартты. Негізгі өзгерістер қатарында Мароккомен визасыз режимнің іске қосылуы, Арменияға сапарға қатысты жаңа ережелер, сондай-ақ бірқатар елде болу мерзімдерінің жаңартылуы бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Басты жаңалықтардың бірі – Мароккомен визасыз режимнің ресми түрде іске қосылуы. Екі ел арасындағы келісім 2025 жылғы 19 наурызда күшіне енді және 2026 жылы да қолданыста болады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, екі елдің азаматтары әр алты ай сайын екінші мемлекеттің аумағында 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз бола алады. Енді қазақстандықтар Марракеш, Касабланка, Фес және Марокконың басқа да қалаларына визасыз бара алады.

Тағы бір маңызды өзгеріс Оманға қатысты. Бұған дейін визасыз болу мерзімі 14 күн болса, енді ол 30 күнге дейін ұзартылды.

“Оман Сұлтанатының Сыртқы істер министрлігі ұлттық паспорттары бар Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим мерзімін ұзартқанын хабарлады. Енді Қазақстан азаматтары Оман аумағында 30 күнге дейін бола алады”, – деп мәлімдеді СІМ.

Сонымен қатар визасыз режим жұмыс істеуге, оқуға және тұрақты тұруға қолданылмайды.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Армения азаматтардың болу тәртібіне қатысты жаңа ережелер бойынша келісімге келді. Енді екі елдің азаматтары 90 күнге дейін визасыз сапарлай алады. Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, 30 күннен ұзақ болған жағдайда азаматтар ішкі істер органдарында тіркелуі керек.

Сондай-ақ Қазақстан Түрікменстанмен визасыз режим енгізу мәселесін талқылап жатыр.

Қазақстандықтар 2026 жылы қай елдерге визасыз бара алады?

14 күнге дейін

Қазақстандықтар Гонконгқа, Иранға және Макаоға екі аптаға дейін визасыз бара алады.

30 күнге дейін

Ең үлкен санат – қазақстандықтар бір айға дейін визасыз демала алатын бағыттар. Олардың арасында танымал туристік елдер де, көпшілік жиі бара бермейтін бағыттар да бар.

Бұл тізімге кіреді:

  • Аргентина;
  • Бразилия;
  • Вьетнам;
  • Катар;
  • Қытай;
  • Малайзия – елге кіру үшін электронды көші-қон картасы MDAC қажет, оны кіруге дейін ең көбі 3 күн бұрын толтыруға болады;
  • Мальдив аралдары;
  • Марокко;
  • Никарагуа;
  • БАӘ;
  • Оман;
  • Сейшель аралдары;
  • Сербия;
  • Таиланд;
  • Филиппин;
  • Черногория – маусымдық түрде, 2026 жылғы 1 мамырдан 1 қазанға дейін;
  • Эквадор;
  • Оңтүстік Корея – елге кіру үшін электрон рұқсат беру жүйесі K-ETA қолданылады.
  • Сондай-ақ Барбадоста 28 күнге дейін визасыз болуға болады.

60 күнге дейін визасыз

2025 жылы Таиланд қазақстандықтар үшін визасыз болу мерзімін 60 күнге дейін ұлғайтқан еді. Алайда 2026 жылғы өзекті деректер бойынша ұлттық паспорт иелері үшін визасыз кіру мерзімі 30 күнге дейін болып отыр.

Қазақстандықтар 60 күнге дейін визасыз тек Доминикан Республикасында бола алады. Бұл ретте визасыз режим тек туристік мақсаттағы сапарларға қолданылады.

90 күнге дейін

Бірқатар танымал бағыт Қазақстан азаматтарына үш айға дейін визасыз болуға мүмкіндік береді.

Олардың қатарында:

  • Әзербайжан;
  • Албания;
  • Андорра;
  • Армения;
  • Беларусь;
  • Грузия;
  • Колумбия;
  • Қырғызстан;
  • Молдова;
  • Моңғолия;
  • Ресей – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электронды кіру рұқсаты жүйесі RUID қолданылады;
  • Сан-Марино;
  • Сент-Китс және Невис;
  • Сент-Винсент және Гренадиндер;
  • Тәжікстан;
  • Тунис;
  • Түркия;
  • Өзбекстан;
  • Украина.

Түркияға қатысты бөлек шектеу бар: елде болудың жалпы мерзімі 180 күн ішінде 90 күннен аспауы керек.

Ресейде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап RUID электронды кіру рұқсаты жүйесі енгізіледі

Қай елдерде тіркеуге тұру қажет?

Визасыз кіргеннің өзінде кейбір елдерде сапар ұзаққа созылса, көші-қон органдарында тіркелу қажет. Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Арменияда 30 күннен кейін тіркеуге тұру талап етіледі.

Виза әуежайда беріледі

Кейбір бағыттарға визаны алдын ала рәсімдеудің қажеті жоқ, рұқсатты елге барған соң алуға болады.

Мұндай тәртіп мына елдерде қолданылады:

  • Замбия;
  • Индонезия;
  • Маврикий.

Сапар алдында нені ескеру керек?

Визасыз режим болғанымен, елдер туристерге қосымша талаптар қоя алады. Көбіне бұл кері қайту билетінің, қонақүй бронінің немесе жеткілікті қаржының болуына қатысты.

Сонымен қатар саяхатшыларға паспорттың жарамдылық мерзімін және бос беттердің бар-жоғын алдын ала тексеру ұсынылады. Туристер дәл осы мәселеге жиі мән бермей жатады.

Сондай-ақ елде болу мерзімін сақтау маңызды. Көші-қон ережелерін бұзу айыппұлға немесе елге қайта кіруге шектеу қойылуына әкеп соғуы мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 13:45