Қазақстандықтардың айыппұлдарын кешіру бойынша амнистияның жобасы жарияланды

Қазақстанда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты амнистия туралы заң жобасы жарияланды. Құжат пен оған ілеспе заң жобаларын Мәжіліс жұмысқа қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заң жобасында қылмыстық және әкімшілік амнистияның шарттары көрсетілген. Сонымен қатар амнистия қолданылмайтын жағдайлардың да ауқымды тізімі берілген.
Қылмыстық амнистия
Жобаға сәйкес, амнистия қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатуды көздейді.
Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдар амнистияға ілігуі мүмкін.
Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс жасаған азаматтар да амнистияға жатқызылуы мүмкін. Бірақ мұндай қылмыс салдарынан залал келмеуі, келтірілген залал толық өтелуі немесе азаматтық талап қойылмауға тиіс.
Ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталған, мінез-құлқы теріс деп танылмаған және амнистия актісі қолданылатын кезеңде жазасын өтеуіне бір жылдан аз уақыт қалған адамдар негізгі жазадан босатылады.
Ал бұл санатқа кірмейтін ауырлығы орташа қылмыс жасағандардың өтелмеген немесе орындалмаған негізгі жазасының мерзімі не мөлшері екі есе қысқартылуы мүмкін.
Егер адам залалды және оған қойылған талаптарды толық өтесе немесе мұндай талап мүлде болмаса, жазаның өтелмеген бөлігі мынадай мөлшерде қысқартылады:
- ауыр қылмыстар бойынша – үштен біріне;
- аса ауыр қылмыстар бойынша – төрттен біріне.
Өзге жағдайларда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігі:
- ауыр қылмыстар бойынша – төрттен біріне;
- аса ауыр қылмыстар бойынша – бестен біріне қысқартылуы мүмкін.
Ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшін сотталған, мінез-құлқы теріс деп танылмаған және амнистия актісі қолданылатын кезеңде жазасын өтеуіне бір жылдан аз уақыт қалған адамдардың да жазасының өтелмеген бөлігі қысқартылады.
Амнистия кімдерге қолданылмайды?
Заң жобасында қылмыстық амнистия қолданылмайтын адамдардың кең тізімі көрсетілген.
Атап айтқанда, амнистия:
- жемқорлық қылмыс жасағандарға;
- террористік қылмыс жасағандарға;
- экстремистік қылмыс немесе экстремизм белгілері бар қылмыс жасағандарға;
- кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарға;
- азаптау фактісі бойынша сотталғандарға;
- қылмысты қайталап немесе қауіпті қайталап жасағандарға;
- өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға;
- қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандарға;
- жазасын толық өтеп қойған адамдарға;
- жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыс жасағандарға;
- сот үкімі сырттай шығарылған адамдарға қолданылмайды.
Сондай-ақ адам өлтіру, абайсызда адам өліміне себеп болу, өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қинау, жас балаларды азғындату, адам саудасы, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру, мемлекетке опасыздық жасау, тыңшылық, Қазақстан Президентінің және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің өміріне қол сұғу, билікті күшпен басып алу, тонау, қорқытып алу және басқа да бірқатар ауыр қылмыстар бойынша сотталғандарға амнистия қарастырылмайды.
Әкімшілік амнистия
Заң жобасына сәйкес, Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары, сондай-ақ қандас мәртебесі бар адамдар әкімшілік айыппұлдан босатылуы мүмкін.
Бұл талап амнистия туралы заң күшіне енген күнге дейін орындалмаған әкімшілік айыппұлға немесе оның төленбеген бөлігіне қатысты қолданылады.
Амнистия 2026 жылғы 17 наурыз күнгі сағат 24:00-ге дейін жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты қарастырылып отыр.
Алайда әкімшілік амнистия да бәріне бірдей қолданылмайды. Заң жобасына сәйкес, сот әкімшілік жаза тағайындаған адамдар және бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар амнистияға ілікпейді. Мұндай құқық бұзушылықтардың тізімі заң жобасында 10 бетке созылған.
Оқыңыз