Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Донер жарнамасы үшін полицейді алдаған астаналық блогерлер қамауға алынд

Суға батып бара жатқанды құтқару
Фото: instagram.com/serikuly__appaz/

Астанада блогерлер донер жарнамасы үшін полицейге пранк ұйымдастырып, жас жігіттердің бірі суға батып бара жатқандай кейіп танытқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астаналық блогер Аппаз Серікұлы Instagram парақшасында полицейді әдейі алдаған видео жариялады.

Кадрларда адамдар полицейден суға батып бара жатқан адамға көмектесуді сұрайды. Тәртіп сақшысы бірден әрекет етіп, суға түсіп, “зардап шегушіні” жағаға алып шығады.

Кейін полицейге бұл әлеуметтік эксперимент болғаны, ал "суға батып бара жатқан" адамның кәсіби жүзуші екені айтылады.

Ролик авторлары полицейдің ерлігі үшін оған аталған орынға отбасымен баруға сертификат сыйлайтынын мәлімдеген.

Ролик көпшіліктің екіұдай пікірін тудырды. Бірі полицейдің жедел әрекетіне тәнті болса, енді бірі мұндай әзілдің орынсыз екенін айтып, блогерлерді жауапқа тарту керек деген пікір білдірді.

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Ескек есу каналы аумағында болған оқиғаның видеосы анықталған.

"Ер адам құқық қорғау органы қызметкерін “тексермек” болып, суға бату оқиғасын қолдан ұйымдастырған. Қызметке бара жатқан мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері дереу әрекет етіп, суға секірген. Алайда кейін бұл жай ғана қойылым екені белгілі болды. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді және қоғамдық тәртіпті бұзу ретінде бағаланады", – деп хабарлады департаменттен.

Полиция қойылымның авторы мен қатысушысы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Сот шешімімен оларға 15 және 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіп пен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметі мен құқық қорғау органдарының жұмысына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 22 Мамыр, 2026 13:00