Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалар мектепке қараңғыда барады": АҚШ-та уақыт белдеуін ауыстыруды тоқтату Конгрессте қаралып жатыр

уақыт белдеуі АҚШ
Фото: pixabay.com

АҚШ-та жылына екі рет сағат ауыстыру тоқтатылмақ. Конгресс комитеті елде жазғы уақытты тұрақты ету туралы заң жобасын мақұлдады. Егер бастама қабылданса, америкалықтар көктем мен күзде сағат жылжытпайтын болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters порталына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-та қазір екі түрлі уақыт режимі бар – қысқы және жазғы уақыт. Көп штатта адамдар жылына екі рет сағат ауыстырады: 

  • көктемде сағатты 1 сағат алға жылжытады (жазғы уақыт),
  • күзде қайта 1 сағат артқа қояды (қысқы уақыт).

Қазір талқыланып жатқан заң жобасы осыны тоқтатып, жазғы уақытты тұрақты қылуды ұсынады.

Құжатты комитеттің 48 мүшесі қолдап дауыс берсе, бір адам қарсы болған. Өзгерістер бес жылдық көлік туралы заң жобасына енгізілуі мүмкін.

Егер бастама қабылданса, америкалықтар жылына екі рет сағат ауыстырмайды. Заң жобасын қолдаушылардың айтуынша, уақытты ауыстыру ұйқы режимін бұзады, жұмыс орнындағы жарақаттар мен жол апаттарының санын арттырады. Олардың пікірінше, қыста кешірек қараңғы түссе, адамдар көшеде көбірек жүріп, дүкендер мен түрлі қызметтерді жиі пайдаланады, бұл бизнеске оң әсер етеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп комитет шешімін қолдады.

"Адамдар сағатқа алаңдап, жылына екі рет осы мағынасыз процедураға уақыт пен ақша жұмсауды тоқтататын кез келді", – деп жазды ол Truth Social желісінде.

Дегенмен заң жобасы әлі Өкілдер палатасының дауыс беруінен өтуі керек. Одан кейін Сенат бастаманы қарай ма, жоқ па соны шешеді. Алайда бұл ұсынысқа қарсы адамдар да бар. 

"Тұрақты жазғы уақыт енгізілсе, қыста таң кеш атады. Ал көптеген штатта оқушылар мектепке қараңғыда баруға мәжбүр болады", – деді республикашыл сенатор Том Коттон.

Сонымен қатар заң жобасы штаттарға тұрақты жазғы уақыттан бас тарту құқығын қалдырады.

2022 жылдың наурызында АҚШ Сенаты тұрақты түрде жазғы уақытқа көшуді бірауыздан қолдаған еді. Аайда сол кезде Өкілдер палатасы құжатты дауысқа шығармаған.

Жазғы уақыт АҚШ-тың басым бөлігінде 1960-жылдардан бері қолданылады. Елде жыл бойы бірдей уақыт режимі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде және 1974 жылы енгізілген. Ол кезде билік мұны энергия үнемдеумен түсіндірген. Алайда бұл идея көп ұзамай халық арасында қолдау таппай, сол жылдың өзінде тоқтатылған.

Еске салсақ, Қазақстанда да 2024 жылдың 1 наурызынан бастап бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өтті. Бұған дейін елде екі белдеу болған, UTC+5 және UTC+6. Қаңтар айында журналистер Шаққалиевтен “Егер ғалымдар Қазақстандағы біртұтас уақыт белдеуіне өту халыққа теріс әсер етеді деп айтса, министр өзінің қатесін мойындай ма?” деп сұраған еді. Сол кезде министр "бұл шешім қате болды деп ешқашан айтпаймын" деп мәлімдеді. Дегенмен Шығыс Қазақстан облысы әкімінің айтуынша, тұрғындардың уақытты ауыстыруға байланысты шағымдары өткен жылдың желтоқсан айында айтылған. Халық аймақта ерте қараңғы болып кететінін айтып шағымданған. Биыл наурыз айында облыстағы барлық аудандар өз жұмыс кестесіне, сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін көшкені хабарланды. Яғни аймақ жаңа уақыт белдеуіне бейімделді.

Stan.kz
Жұма, 22 Мамыр, 2026 11:13