"Қаламақымызды ала алмай отырмыз": Ақындар мен композиторлар Қазақстан авторлық қоғамына қарсы шықты
Қазақстандық ақындар мен композиторлар авторлық сыйақы төлемдерінің тоқтап қалғанын айтып, “Қазақстан авторлық қоғамы” айналасындағы тексеріске қатысты ашық пікір білдірді. Олар бұл жағдай бір қоғамдық ұйымның ғана емес, еңбегі үшін қаламақы алатын мыңдаған шығармашылық иесінің мүддесіне әсер етіп отырғанын айтады. Stan.kz Алматыда өткен баспасөз мәслихатына қатысып, даудың мән-жайын және авторлардың уәжін тыңдап қайтты.
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында шығармашылық қауым өкілдері тексерудің себептері, авторлық қоғамдардың тәуелсіздігі және авторлардың өз құқықтарын басқару мәселесін көтерді.
ҚазАҚ тексеруді тоқтатуды талап етті
27 тамызда ұйым қызметін тексеру туралы қаулы шығарылған. Тексеру үш жарым жылдан астам кезеңді қамтып, қаражаттың жұмсалуы, авторлық сыйақыларды бөлу мен төлеу, авторлық және сабақтас құқықтар туралы заңнаманың сақталуы, сондай-ақ ұйымның қаржылық қызметіне қатысты жүргізіліп жатыр. Оның мерзімі 28 тамыздан 8 қазанға дейін белгіленген.
1 қыркүйекте прокуратура ҚазАҚ-тан 39 санат бойынша құжаттар мен мәліметтерді ұсынуды талап еткен.
Қоғам өкілдері тексеруді тағайындау кезінде заңда белгіленген тәртіп сақталмады деп есептейді. Осыған байланысты ҚазАҚ Бас прокуратураға шағым түсіріп, 27 тамыздағы қаулының күшін жоюды және тексеру әрекеттерін тоқтатуды сұраған. Сондай-ақ шағым қаралғанға дейін тексеруді және құжаттарды талап етуді уақытша тоқтата тұруды өтінген.
ҚазАҚ мемлекеттік органдардың заңды бақылау жүргізу құқығына қарсы емес екенін, алайда кез келген тексеру нақты құқықтық негізге сүйеніп, заңда белгіленген тәртіппен жүргізілуге тиіс екенін алға тартады.
“Тексерудің нақты негізі қандай?”
Баспасөз мәслихатын бастаған ақын-драматург Шаяхмет Алжанбай ҚазАҚ қызметін тексеру жөніндегі қаулының 27 тамызда шығарылғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, қолындағы құжатқа сәйкес, тексеруге Алматы қаласының прокуратурасы мен Әділет министрлігінің зияткерлік меншік саласындағы құрылымдарының өкілдері қатысып отыр.
Алжанбай тексерудің заңдылығына күмән келтіріп, мемлекеттік органдар оның нақты құқықтық негізін түсіндіруі керек деп санайды.
“Авторлардан арыз-шағым түсіп отырған жоқ. Қоғам жыл сайын өз жұмысы бойынша есеп береді. Сонда мұндай тексерістің нақты себебі қандай? Біз осыған жауап алғымыз келеді”, – деді Шаяхмет Алжанбай.
Ол қоғамдық бірлестіктің жұмысына негізсіз араласуға жол берілмеуі керек екенін айтып, авторлардың бұл мәселеге байланысты бұған дейін де тиісті мемлекеттік органдарға жазбаша өтініш жолдағанын жеткізді.
Алжанбай авторлық құқықтарды басқарудың цифрлық жүйесіне қатысты да алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, автор өзінің құқығын кімге сеніп тапсыратынын өзі таңдауы керек.
“Біз өз авторлық құқықтарымызды ешкімге күштеп бермейміз. Оны кім басқаратынын автордың өзі шешуге тиіс”, – деді ол.

“Қаламақымыз тоқтап қалды”
Композитор Қадырғали Көбентай қазіргі жағдайдың авторлардың табысына тікелей әсер етіп отырғанын айтты.
Оның сөзінше, тексеріске байланысты ҚазАҚ арқылы төленетін авторлық сыйақылар тоқтап қалған.
“Біздің жағдайымызды жасап, еңбегіміздің ақысын жинап беріп отырған – осы авторлық қоғам. Қазір тексеріске байланысты қаламақымыз тоқтап тұр. Автордың ақшасы ешкімнің қалтасына кетпеуі керек. Ол – біздің еңбегіміздің ақысы”, – деді Қадырғали Көбентай.
Композитор болып жатқан жағдайды “рейдерлік басып алуға” теңеді.
Оның айтуынша, Қазақстанда 6000 астам ақын, композитор және басқа да автор бар. Сондықтан олардың авторлық құқықтары мен сыйақыларына қатысты мәселелер шығармашылық иелерінің қатысуынсыз шешілмеуі керек.
“Қарапайым тілмен айтқанда, мұны рейдерлік басып алу деп бағалаймын. Бізді ешкім өз мүлкіндей көрмеуі керек. Авторлық құқық – автордың өзіне тиесілі”, – деді ол.
Көбентай қажет болған жағдайда шығармашылық өкілдері мәселені жоғары мемлекеттік органдардың алдына қоюға, Президентке де хат жолдауға дайын екенін жеткізді.

“Неге басқа ұйымдар емес, дәл ҚазАҚ?”
Ақын әрі публицист Мұқан Мамытхан тексерістің неліктен дәл осы ұйымға бағытталғанына назар аударды.
Оның айтуынша, Қазақстанда авторлық сыйақы жинаумен айналысатын бірнеше ұйым бар. Алайда солардың арасынан ҚазАҚ-тың қайта-қайта тексерілуі авторлар арасында сұрақ туғызып отыр.
“Қаламақы жинайтын жиырмаға жуық ұйым бар. Солардың бірде-біріне бармай, неге қайта-қайта ҚазАҚ-қа шүйліге береді? Бұл қоғамның артында мыңдаған ақын мен композитор тұр. Егер тексеріс болса, оның нақты себебі мен заңдық негізі болуы керек”, – деді Мұқан Мамытхан.
Ол тексеру нақты мақсатқа және заңда көзделген негізге сүйенуі қажет екенін айтты.
“Заң бәрімізге ортақ. Ол бір мекеменің өз қалауынша пайдаланатын құралы емес. Егер қандай да бір заңбұзушылық болса, оны көрсетсін. Ал негізсіз араласу тоқтатылуы керек”, – деді ол.

“Авторлық қоғам композиторға ауадай қажет”
Әнші-композитор Асқар Жайлаубаев ҚазАҚ айналасындағы мәселені тек бір ұйымға қатысты дау ретінде қабылдамауға шақырды.
Оның сөзінше, авторлық қоғам композитор, ақын және өзге де шығармашылық иелерінің еңбегін қорғап, шығармалары пайдаланылған кезде тиісті сыйақысын алуына мүмкіндік береді.
“Біз, композиторлар үшін авторлық қоғамның жұмыс істеп тұруы аса маңызды. Әр әннің артында автордың еңбегі, уақыты, шығармашылық ғұмыры жатыр. Сол еңбектің өтеуі болуы керек. Автор өз шығармасынан түсетін табыстан қағылмауға тиіс”, – деді ол.
Оның пікірінше, авторлық қоғамның қызметіне кедергі келуі көптеген шығармашылық иесінің күнделікті табысына әсер етуі мүмкін.

“Әділетті Қазақстанда заң бәріне ортақ болуы керек”
Жиын барысында Шаяхмет Алжанбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құру туралы ұстанымына да тоқталды.
Оның айтуынша, әділетті қоғам құру үшін ең алдымен заң мемлекеттік органға да, қоғамдық ұйымға да, қарапайым азаматқа да бірдей қолданылуға тиіс.
“Президентіміз Әділетті Қазақстан, әділетті қоғам құру туралы айтып келеді. Біз де артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бәрі заң аясында жүрсін дейміз. Авторлардан арыз жоқ, қоғам жыл сайын есеп береді. Соған қарамастан тексеріс жүріп, авторлар қаламақысын ала алмай отыр. Бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ”, – деді ол.
Баспасөз мәслихатына қатысқан шығармашылық өкілдері ҚазАҚ-тың қалыпты жұмыс істеуі мыңдаған автор үшін маңызды екенін атап өтті. Олар автор өз туындысына қатысты құқықты кімнің басқаратынын өзі таңдауға және еңбегінен түскен сыйақысын кедергісіз алуға тиіс деп есептейді.
Ал құзырлы мемлекеттік органдардың бұл мәлімдемелерге қатысты ресми жауабы әзірге жарияланған жоқ.
Бұл ҚазАҚ төңірегіндегі алғашқы дау емес
ҚазАҚ пен мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушілік бұған дейін де бірнеше рет қоғам назарына шыққан. 2024 жылы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары департаменті ұйымға жоспардан тыс тексерумен келген. ҚазАҚ өкілдері тексеруді тағайындау кезінде заңда белгіленген рәсімдер сақталмады деп, комиссияны кеңсеге кіргізбеген.
2025 жылы авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін реформалау, саланы цифрландыру және авторлық сыйақыларды бөлудің ашықтығын арттыру мәселесі көтерілді.
2026 жылы дау аккредиттеу мәселесіне ұласты. ҚазАҚ сотқа жүгініп, 21 мамырда Алматы қалалық соты Әділет министрлігінің ұйымды аккредиттеуден бас тарту туралы шешімдерін заңсыз деп танып, олардың күшін жойған.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр