Елде хиджаб киюге рұқсат берген жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылуы мүмкін
Қазақстанда мектеп формасына қойылатын бірыңғай талапты бұзған жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылуы мүмкін. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектепте хиджаб киюге рұқсат беру жағдайларына қатысты осындай шара қолданылуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрдің сөзінше, мектеп формасына қатысты талап барлық білім беру ұйымына ортақ.
"Бізде бірыңғай мектеп формасы бар. Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарды сақтауы тиіс. Мұндай жағдайлар болған, біз олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жұмысқа Ұлттық қауіпсіздік комитеті де қатысады. Әкімдіктермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтін үлкен комиссия бар", – деді министр.
Сүлейменованың айтуынша, өткен оқу жылында мұндай жағдайлар, оның ішінде жекеменшік мектептерде де тіркелген. Ал биыл жаңа оқу жылы басталған кезде мұндай мектептер анықталмаған.
Журналист жекеменшік мектеп оқушыға хиджаб киюге рұқсат берген жағдайда министрліктің қандай шара қолдана алатынын нақтылады.
"Лицензиялау мәселесі бар – лицензиясын қайтарып алу. Бұдан бөлек те бірқатар тетік бар, оларды бірлесіп пысықтаймыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Яғни талапты сақтамаған жекеменшік мектептерге қатысты тиісті шаралар қарастырылмақ.
Ресейдің әуе кеңістігі қауіпті болса да, қазақстандық әуе компаниялар тұрақты түрде жолаушы тасымалдайды
