Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы соты Ақорданы басып алуға әрекет жасады деп айыпталған бес белсендіге үкім шығарды

Президент заңға ескертпе жасап кері қайтара алады
Фото: Ақорда

Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Ақорданы басып алуға әрекет жасады деп айыпталған бес белсендіге үкім шығарды. Қайсар Өзбек пен Талғат Ашыров 5 жыл 6 айға, ал Асқар Нұрмаған, Тағай Абдуали және Дүйсенбек Жақашев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мәліметінше, Асқар Нұрмаған, Абдуали Тағай және Дүйсенбек Жақашев адамдар тобының күш қолдану арқылы билікті басып алу немесе билікті ұстап тұруды насихаттады, сондай-ақ күш қолдану, қирату және билік өкілдеріне қарсылық көрсетумен қатар жүретін жаппай тәртіпсіздіктерді дайындап, ұйымдастырды деп айыпталған.

Ал Қайсар Өзбек пен Талғат Ашыровқа бұдан бөлек, адамдар тобының құрамында жарылғыш заттарды заңсыз сатып алды, сақтады және тасымалдады деген айып тағылған.

Іс сотта жабық режімде қаралды. Сот процесінің басында прокурор куәлардың бірінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтып, сот отырыстарын жабық өткізуді сұраған. Сот өтінішті қанағаттандырған.

"Жариялылықты қаламайды. Бәрін шу шығармай, тезірек жауып тастағысы келеді", – деп сол кезде адвокат Жанар Балғабаева сот шешімін түсіндірген.

Айыптау актісіне сәйкес, белсенділер алдағы әрекеттерін жоспарлау және дайындық жұмыстарын жүргізу мақсатында жасырын кездесулер өткізіп, WhatsApp мессенджерінде "Қайрат Команда" атты ортақ чат құрған.

"Кездесулер мен топ мүшелерінің байланыстары нәтижесінде олар алдын ала сөз байласқан адамдар тобы ретінде билікті басып алу, Қазақстан президентінің резиденциясы – Ақорданы басып алу және халықты стихиялық түрде көтеру мақсатында Астана қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру қажеттігі туралы уағдаласқан", – делінген айыптау актісінде.

Айыптау актісінде сотталушылардың 2025 жылғы қаңтардан маусымға дейінгі аралықтағы кездесулері мен байланыстары да сипатталған.

Өткен аптада прокурор бес белсендінің әрқайсысын орташа қауіпсіздік мекемесінде 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Қазақстанда осыған ұқсас істер бойынша сот процестері бұған дейін де болған. 2024 жылы президент резиденциясы мен Алматы әкімдігіне шабуыл жасады деп айыпталған сотталушылар 1 жыл 9 айдан 4 жылға дейінгі мерзімге сотталған.

Ал мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысты "трактор ісі" бойынша айыпталғандарға 5 жылдан 6 жылға дейін жаза тағайындалған.

Өткен жылы АЭС бойынша референдум қарсаңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды деп айыпталған бес белсенді кінәлі деп танылып, әрқайсысына 4 жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілген. Кейін жаза мерзімі 2,5 жылға дейін қысқартылған.

Еске салайық, бұған дейін Мирболат Мырзатайұлы әлеуметтік желідегі жазбалары мен қоғамдық белсенділігіне байланысты полицияға ұсталған еді. Кейін сот оны қамауда ұстау туралы шешім қабылдаған. Медеу ауданының №2 соты оны “ұлтаралық алауыздық тудыруды деп айыптап, төрт жылға бас бостандығынан айырды. 

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 14:58