Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы АЭС-ті отандық металлургия қолдайды

Qarmet
Фото: Freepik.com

Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы жобаларды іске асыруға дайындық аясында, ең жоғары сенімділік пен қауіпсіздік талаптарына жауап беретін стратегиялық құрылыстарды отандық материалдармен қамтамасыз ету және өзіндік өнеркәсіптік базаны қалыптастыру ерекше мемлекеттік маңызға ие болып отыр.

Осы мемлекеттік сұранысқа жауап ретінде Qarmet диаметрі 8-ден 40 мм-ге дейінгі А500СЕУ класты арматуралық прокат өндірісін игерді. Өнім ерікті сертификаттаудан сәтті өтіп, стратегиялық маңызы бар инженерлік құрылыстарды салуда қолдануға жарамды деп танылды.

Qarmet
Фото: Freepik.com
"Бізге ГОСТ 34028-2016 стандарты бойынша А500СЕУ класындағы арматуралық прокат өндірісін игеру міндеті қойылды. Бұған дейін комбинат А500С класындағы сертификатталған арматура шығаратын. Өнімнің жаңа түрі жоғары иілгіштігімен ерекшеленеді. Ол сейсмотұрақты конструкциялар үшін жарамды және 2 миллионнан астам қайталанатын циклдық жүктемелерге төтеп береді. Осы сипаттамаларының арқасында арматураны аса жауапты нысандарды, соның ішінде атом энергетикасы объектілерін және басқа да күрделі инженерлік құрылыстарды салу кезінде қолдануға болады", – деп атап өтті Qarmet компаниясының сапаны бақылау бөлімінің мамандары.

Qarmet арматурасы бүгінде тұрғын үй, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандар құрылысында кеңінен қолданылып келеді. Жаңа өнімді игеру үшін Qarmet мамандары өндіріс технологиясын әзірлеп, болатты оттекті-конвертерлік цехта балқытудан бастап сұрыпты прокат цехында дайын өнім шығаруға дейінгі тәжірибе жұмыстарының толық циклін жүргізді.

Диаметрі 8-ден 40 мм-ге дейінгі арматураның тәжірибелік партиялары аттестаттаудан өтіп, ерікті сертификаттауға жіберілді. Сынақ нәтижелері бойынша компания 2026 жылғы 4 маусымда сәйкестік сертификатын алды. Бұл құжат халықаралық заңды күшке ие.

Qarmet
Фото: Qarmet

Мұндай өнім өндірісін одан әрі ұлғайтуда жылына 540 мың тонна сұрыпты прокат өндіруге қауқарлы Qarmet компаниясының салынып жатқан сұрыпты прокат станы шешуші рөл атқарады. Компания оның құрылысын биылдың өзінде аяқтауды жоспарлап отыр. Дәл осы жерде А1000 класына дейінгі заманауи арматураның кең ассортиментін өнеркәсіптік көлемде өндіру жолға қойылады.

Qarmet
Фото: Qarmet

Жаңа кешен өнім түрлерін одан әрі кеңейтіп, оның сапалық сипаттамаларын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру Qarmet-тің сұрыпты прокат нарығындағы позициясын күшейтіп, импортты алмастыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасайды. Оған қоса Қазақстанда күрделі әрі аса жауапты инфрақұрылымдық нысандар құрылысының талаптарына сай келетін металл өнімдерін шығарудың өзіндік өндірістік базасын қалыптастырады.

Stan.kz
Дүйсенбі, 15 Маусым, 2026 17:50