Атыраудағы қайғылы жағдай: Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі өмірі қалай өрбіп жатқанын айтып берді
Бұрынғы күйеуі жақындарын өлтіріп, өзін шетелге алып қашқан Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Ол ата-анасының, ағасы мен әпкесінің қазасынан әлі күнге дейін бейхабар. Қазір оның басты мақсаты – балалар үйіне орналастырылған бес баласын өз қамқорлығына алып, үйіне қайтару. Туыстары Ақбаянға қолдау көрсетіп, қосымша ем алуына қажет қаражат жинауға көмектесуді сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақбаян Мұқанғалиева елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғадан кейін өмірге қайта бейімделуге тырысып жүр. Қазір ол жақындарының ортасында, үй жағдайында емделіп, оңалту шараларынан өтіп жатыр.

Туыстарының айтуынша, әйелдің толық сауығуына әлі көп уақыт қажет. Олар Ақбаянның аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралуына көмектесіп жүр. Алайда ол бір күні ата-анасы, ағасы мен әпкесі туралы сұрай ма, деп алаңдайды.
Ақбаянның туысы Әсилә Мұқанғалиеваның айтуынша, мамандар оған қайғылы жағдайдың мән-жайын әзірге айтпауға кеңес берген.
“Мамандар Ақбаянның шындықты естуге әлі дайын емес екенін айтты. Сондықтан әзірге ештеңе айтпай отырмыз. Ертең-ақ бәрін жайып салсақ, оның жағдайы не болмақ? Қайтадан жанын жаралап аламыз ба деп қорқамыз. Сондықтан әзірге күтіп, аяққа тұрып кетуіне мүмкіндік бергіміз келеді”, – дейді ол.

Мәліметке сәйкес, Ақбаян бесінші баласын ауыр жағдайда босанған. Оған ота жасалып, өмірінің біраз кезеңі есінен шығып кеткен. Психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша оған қатысты барлық күдік сейілген.
Қазір әйел балаларының есімі мен туған күндерін жақсы білетінін айтады. Ол балаларын апта сайын барып көріп, үйіне алып кетуді армандайды.
“Кішкентай жылайды. “Мені алып кетші” деп сұрайды. Үлкендері бәрін түсінеді. Аптасына екі рет психологқа барамын. Әзірге басқа жерде ем қабылдап жүрген жоқпын. Кейде басым ауырады, бірақ кейін басылады”, – дейді Ақбаян Мұқанғалиева.
Туыстарының айтуынша, Ақбаян бұрынғы өмірін есінде сақтаған, жақындарын да таниды. Алайда бесінші баласы дүниеге келген соң оның жадынан өшкен. Қазір әйелдің жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Сондықтан оған білікті мамандардың көмегі аса қажет.
Ақбаянның туысы Шалқар Мұқанғалиеваның сөзінше, әйелдің өмірге деген құлшынысын қайта ояту маңызды.
“Ақбаянның өмір сүргісі келмей қалды. Енді оның бойындағы өмірге деген құлшынысты қайта оятуымыз керек. Алматыға немесе Астанаға апарып, білікті мамандарға көрсетсек пе деп ойлап жүрміз. Бірақ оны апарып, емдету үшін қаражат қажет. Өз күшімізбен ондай соманы жинай алмай отырмыз”, – дейді ол.
Қазір Ақбаянның жақындары жерлестерінен көмек сұрап отыр. Олар әйелдің толық сауығып, бес баласын балалар үйінен алып, қайтадан бір шаңырақ астында өмір сүруіне мүмкіндік туады деп үміттенеді.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Еске салсақ, тұтас бір отбасыны өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталған еді.
"Байлықтың жарысы": Қазақстандықтар құдалыққа миллиондап ақша жұмсап, киіт кигізуге қарсы шықты