Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір ай бұрын "кремацияланған" ер адам үйіне тірі оралды

Ер адам мен әйелдер
Фото: Screengrab/India Today

Үндістанда жоғалып кеткен ер адам бір айдан кейін үйіне аман-есен оралды. Алайда осы уақытқа дейін туыстары оны қайтыс болды деп ойлап, басқа адамның мәйітін өз жақындары деп танып, кремация жасап үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі India Today-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Үндістанның Одиша штатында болған. 29 жастағы Санатан Наик 27 шілдеде велосипедпен үйінен шығып кетіп, содан кейін хабарсыз кеткен.

Арада он күн өткенде полиция күріш алқабындағы судан ер адамның мәйітін тапқан. Туыстары мәйітті үстіндегі киіміне қарап Санатан деп таныған. Осыдан кейін отбасы жерлеу рәсімдерін өткізіп, мәйітті кремациялаған. Марқұмның жары деп есептелген әйел де аза тұту дәстүрлерін орындай бастаған.

Алайда бір айдан кейін полиция отбасыға күтпеген хабар жеткізді: Санатан тірі екен. Кейінірек ол осы уақыт бойы басқа қалада жүргені белгілі болды. Туыстары оны дереу үйіне алып келген.

Ер адамның анасы табылған мәйіттің баласына тиесілі екеніне киімі арқылы көз жеткізгендерін айтқан. Бірақ отбасы оның күріш алқабына қалай барып қалғанын сол кезде де түсінбеген.

Енді полиция алдында бір сұрақ тұр: Санатан Наик деп қателесіп кремацияланған адам кім?

Қазір тәртіп сақшылары марқұмның жеке басын анықтауға кірісті.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 14:00