Непалдағы су тасқыны: Үш күннен кейін үйінді астынан қыз бала тірі табылды
Непалда құтқарушылар Расува ауданында болған жойқын су тасқынынан кейін үш тәулік үйінді астында жатып, тірі қалған алты жасар қызды тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі India Today басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылымы жұма күні Непалдағы құтқарушылар Расува ауданында үйінді астынан топырақ пен қирандылардың арасынан тірі қыз баланы тауып алғанын жазды.
“Бұл жағдай гималайлық елді жайпап, жүздеген адамның өмірін қиған жойқын су тасқынынан кейін үш күн өткен соң болды", – делінген басылымда.
Бхотекоши өзенінің арнасында сел жүргеннен кейін адамдарды іздеп жүрген полицейлер топырақ астынан шыққан дауысты естіп, қыз баланы тапқан. Сенбі күні қыз тікұшақпен Катманду қаласының ауруханасына жеткізіліп, қазір ем қабылдап жатыр.
Тасқын 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстік аудандарын жайпап өтті. Қытай жақтан Бхотекоши және Тришули өзендерінің аңғарынан су тасып, жүздеген адамның өмірін жалмады. Сондай-ақ үйлер, жолдар мен көпірлерді шайып кетті. Ғалымдардың пікірінше, бұл апат үлкен мұз бен тау жыныстары массивінің опырылып түсіп, артынан көшкінге ұласуынан болған.
Алдын ала деректер бойынша, мұздықтан үлкен мұз бен тас бөлініп шығып, бір шақырымнан астам биіктен құлаған. Үйінділер өзен арнасын уақытша бөгеп, содан кейін табиғи бөгет бұзылған. Бұл ағын төменгі ағыста орналасқан елді мекендерді жайпап өткен тасқын су, лай және үйінді легіне ұласты.
Соңғы мәліметтер бойынша, қаза тапқандар саны 750 адамға жетті, үш мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кетті, оның ішінде Қазақстанның үш азаматы да бар.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады
