Непалдағыдай жойқын сел Алматыда болуы мүмкін бе? Сарапшылар жауап берді
Непалдағы жойқын сел Алматыға да қауіп төндіруі мүмкін бе? Сарапшылар қала маңындағы тауларда мұздықтар, тау көлдері мен тұрақсыз беткейлер барын ескертеді. Дегенмен құтқарушылар Алматы үшін дәл қазір мұндай апат қаупі болжанбайтынын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Непалдағы жойқын табиғи апаттан кейін Алматы тауларындағы сел қаупі де қайта талқылана бастады. Соңғы мәлімет бойынша, мыңнан астам адамның қайда екені белгісіз, 550 адам қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін кейбір қазақстандықтар Алматы маңындағы таулардың Гималайға ұқсастығына назар аударды.
Непалда болған оқиғадан кейін қазақстандық сарапшылар ықтимал қауіп туралы сөз қозғады.
Геологтар Алматы маңындағы тауларды Гималаймен салыстырды. Қазір қалаға тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен ықтимал тәуекелдер бар. Алматыда қатты жаңбыр жауған кезде кейбір аудандарды су басуы қала маңындағы таулы аймақтардан келетін қауіптің бар екенін көрсетеді.

Геолог-физик Арман Серғазин әсіресе Наурызбай ауданындағы жағдайға және "Ақсай" бөгетінің мәселесіне назар аударды.
"Мұны дәлелдейтін жағдайдың бірі Алматыда қатты жаңбыр жауған кезде дәл Наурызбай ауданын су баса бастағаны. Мұны тұрғындардың өздері де біледі. Ал мәселе дәл осы "Ақсай" бөгетіне байланысты. Бұл мәселе 2024 жылы өзекті болды. Бөгеттің құрылысы аяқталған жоқ, ол әлі күнге дейін толық салынбаған", – деді геолог-физик.
Алайда құтқарушылар алматылықтарды дүрбелеңге салынбауға шақырады. Селден қорғау мамандарының айтуынша, қауіпті кезең бойы тау көлдеріне мониторинг жүргізіледі. Ықтимал қауіпті су айдындары әуеден тексеріледі.
Алматы филиалы "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары Алишер Тоқтасын қажет болған жағдайда олардағы су деңгейі алдын ала төмендетіледі деп айтады.
"Қазір таудағы жағдай тұрақты және біздің бақылауымызда. Ықтимал қауіпті көлдерге тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр. Қажет болған жағдайда мамандар су деңгейін алдын ала төмендетіп, эвакуациялық арналарды тазалай алады", – деді "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары Алишер Тоқтасын.
Еске салайық, бұған дейін сыртқы істер министрлігі қазақстандық екі әйелді іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Олар табиғи апат болған аумақта болуы мүмкін. Министрлік жергілікті мемлекеттік органдармен байланыс орнатып, олардың туыстарына ақпарат беріп отыр.
Талғарда баланы азғындамақ болған ер адам ұсталды: Қыздың анасы істі ешқандай адвокат алмай жатқанын айтады