Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тасқын бәрін алып кетті": Непалдағы апаттан аман қалғандар жақынынан қалай айырылғанын айтып берді

апат
Фото: Коллаж Stan.kz

Непалда болған жойқын селден аман қалған тұрғындар жақындарының көз алдында лай мен суға ағып кеткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

26 тамыз күні Непал мен Тибет шекарасында болған алапат су тасқынынан 175-тен астам адам қаза тауып, 800 адам хабар-ошарсыз кеттін. Табиғи апат тұтас ауылдарды шайып кеткен. Судың күші жойқын болғаны соншалық, сейсмологтар бастапқыда оны жер сілкінісі деп қабылдаған. Ал 27 тамыз күні құтқарушылар лай мен үйінділердің арасымен жүріп, апаттан зардап шеккен аймақтарға көмек пен қажет заттарды жеткізуге асықты.

Непалдың Нувакот ауданындағы Калпана Малла BBC-ге отбасы мүшелерінің көз алдында суға ағып кеткенін айтты. Оның сөзінше, әкесі, анасы, әпкесі және әпкесінің балалары апаттан қаза тапқан.

“Олар су тасқынынан қашып үлгермеді. Оған еш мүмкіндік болған жоқ. Бұл тасқын бәрін алып кетті. Бірақ ұлым екеуміз бір үйдің шатырына шығып үлгеріп, аман қалдық. Қалай аман қалғанымызды өзіміз де түсіндіре алмаймыз”, – деді ол.

Калпананың ұлы Сугам Малла анасының қолынан ұстап, оны құтқарып қалғанын айтты. Ол әпкесіне байланыста болсын деп телефонын берген. Алайда қазір оның телефонына хабарласу мүмкін емес.

“Оны да су ағызып әкеткен шығар деп қатты алаңдап отырмын”, – деді Сугам.

Тағы бір тұрғын Гома Пандит су тасқыны салдарынан барлық малынан айырылған.

Непаль
Фото: REUTERS/Navesh Chitrakar

“Егістік жерім де су астында қалды. Он қап қыша тұқымы, бірнеше тонна жүгері мен күріштің бәрі жоқ болды. Ештеңе қалмады”, – деді ол.

Катмандудағы Трибхуван университетінің ауруханасына су тасқынынан хабарсыз кеткен жақындарынан жаңалық күтіп отырған адамдар жиналған. Рам Кумари Шрестха телефонындағы күйеуінің суретін көрсетіп:

“Бұл – менің күйеуім. Ол жүргізуші болып жұмыс істейтіндіктен Расуваға кеткен еді. Кеше кешкі сағат 8:00-ге дейін онымен байланыста болдым. Бірақ бүгін таңертең қоңырау шала алмадым. Телефоны өшірулі”, – деді тұрғын. 

Мани Шрестха Бишва да 27 тамызға қараған түні ауруханада түнеп, інісі, немере ағасы, ағасы және досынан хабар күтті.

“Олармен соңғы рет таңғы сағат 8:30-да сөйлестім”, – деді ол.

Треккинг бойынша гид Сонэм Дорже туған ауылы Расува-Сьяфруга су тасқыны басталғанға дейін шамамен бір сағат бұрын шығып кеткен. Ол жергілікті уақыт бойынша таңғы 08:00-де жолға шыққан. Катмандуға көлікпен келе жатқанда Дорже ауылына қарай лап қойған судың дауысын естігенін айтты.

“Дауыс жер сілкінісіне ұқсап кетті. Үйім қирап қалды... Оның суретін көрдім”, – деді ол.

Дорженің айтуынша, әпкесі Дечен Таманг, оның күйеуі және тағы бірнеше туысы хабарсыз кеткен. Ол су тасқынын "кенеттен болған жойқын апат" деп сипаттады.

Қазір көптеген тұрғын баспанасыз қалған. Оларға шұғыл түрде құтқару және эвакуациялау жұмыстары, азық-түлік, уақытша баспана және медициналық көмек қажет. Дорже әпкесінің аман табылатынына үміттеніп отыр.

"Үмітіміз – 10% ғана", – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Непалда жойқын су тасқыны болып, 400-ге жуық турист із-түссіз жоғалғаны туралы жазған едік. Кейін қаза тапқандар саны 160-тан асқаны айтылды. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 17:42