Непалдағы жойқын тасқыннан кейін қазақстандық әйел із-түзсіз жоғалып кетті
Непалдағы жойқын су тасқынынан кейін Қазақстан азаматының қайда екені белгісіз. Қазір оны іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұны Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сыртқы істер министрлігінің алдын ала мәліметінше, қазақстандық әйел туристік топ құрамында Непалдан Қытай аумағына өткен.
“Алдын ала ақпарат бойынша, Қазақстан азаматы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен. Қазір азаматымыздың нақты қайда екені белгісіз. Із-түзсіз жоғалғандарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмысын жалғастырып жатыр”, – деп хабарлады СІМ.
Әзірге Қазақстан азаматының нақты қай жерде екені анықталған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Непалдағы табиғи апат аймағында жүрген қазақстандықтарға қатысты ақпарат берген еді. Сәрсенбі күні кешкі мәлімет бойынша, қазақстандықтар қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе із-түзсіз жоғалғандар қатарында болмаған.
Алайда кейін Қазақстан азаматының бірімен байланыс жоғалғаны белгілі болды. Жаңа ақпарат Непал мен Қытай шекарасына жақын орналасқан таулы Расува ауданындағы ауқымды іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан тұста жарияланды.
Қаза тапқандар саны 160-қа жақындады
Табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда құтқарушылар іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осыған байланысты жоғалғандар мен табылғандар туралы мәлімет үнемі жаңарып отыр.
Непал полициясының деректеріне сүйенсек, су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 157 адамға жеткен.
Непалдың Туризм министрлігінің мәліметі бойынша, 403 турист із-түзсіз жоғалғандар қатарында, олардың 340-ы – шетел азаматтары.
Үндістан билігі әзірге өздерінің 288 азаматымен байланыс орнатуға тырысып жатыр. Бұдан бөлек, 200-ге жуық үндістандық турист Қытай аумағында қалып, эвакуацияны күтіп отырғаны хабарланды.
Туристік полицияның деректері бойынша, жоғалған шетелдіктер арасында Үндістан азаматтары көп. Қазір кемінде 134 үндістандықтың қайда екені анықталып жатыр.
Басқа елдердің азаматтары да іздестіріліп жатыр
Табиғи апаттан кейін бірқатар мемлекет өз азаматтарымен байланыс жоғалғанын хабарлады.
Украина Сыртқы істер министрлігі апат аймағында жүрген 46 туристен құралған топпен байланыс үзілгенін мәлімдеді. Непал туристік полициясының мәліметі бойынша, жалпы 53 Украина азаматы із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
“Сыртқы істер министрлігіне бүгін таңертең табиғи апат аймағында жүрген 46 Украина азаматынан құралған туристік топпен байланыс үзілгені туралы өтініш түсті. Непал туристік полициясының ақпараты бойынша, қазір табиғи апат салдарынан Украина елінің 53 азаматы із-түзсіз жоғалған деп есептеледі”, – деп хабарлады Украина СІМ.
Украина тарапы әзірге қаза тапқандар немесе жарақат алғандар арасында өз азаматтарының бар-жоғы туралы нақты ақпарат жоқ екенін жеткізген.
Ресей де апат аймағында болған кемінде төрт азаматымен байланыса алмай отырғанын хабарлады. Ал қауіпті аумақта болған тағы сегіз ресейлік басқа елді мекенге жеткен.
Непалдың Туризм кеңесі жоғалғандар қатарында АҚШ-тың 47, Ұлыбританияның 33, Канаданың 24 және Малайзияның 19 азаматы бар екенін хабарлаған. Қалған туристердің азаматтығы анықталып жатыр.
Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз де із-түзсіз жоғалғандардың арасында ондаған аустралиялық бар екенін мәлімдеді.
“Адамдар болған оқиғаның кадрларын көрген шығар. Бұл – шынымен де жантүршігерлік жағдай. Қазір 34 аустралиялық із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Жақындары үшін алаңдап отырған барша азаматқа қолдау білдіреміз”, – деді ол.
Қытай билігінің нақтыланған мәліметі бойынша, Тибетте де 265 адамның қайда екені белгісіз. Қытайлық БАҚ көшкін салдарынан кемінде үш адамның қаза тапқанын хабарлады.
Жойқын тасқын қалай болды?
Апат 26 тамыз күні таңертең Непалдың солтүстігінде болған. Қатты су ағыны арнасынан асып, бірнеше елдімекенді басып қалды.
Тасқын аймақтың инфрақұрылымына да орасан зиян келтірді. Тұрғын үйлер қирап, жолдар мен энергетикалық нысандар бүлінген.
БАҚ мәліметінше, апатқа жер сілкінісі себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Жерасты дүмпулерінен кейін көшкін жүріп, Бхоте-Коси өзенінің арнасы бөгелген. Соның салдарынан жиналған су төмен қарай лап қойып, елді мекендерді басқан болуы мүмкін.
Қазір апат аймағында құтқарушылар, әскерилер мен полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Олар су тасқыны мен көшкіннен зардап шеккен аумақтарды тексеріп, із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуді жалғастырады.
