Непалда су тасқынынан қаза тапқандар саны 160-қа жақындады
Непал мен Қытай шекарасындағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 160 адамға жетті. Жергілікті билік мәліметінше, хабар-ошарсыз кеткендер арасында 53 украиналық пен төрт ресейлік бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Украина сыртқы істер министрлігіне табиғи апат болған аумақтағы 46 украиналық туриспен байланыс үзілгені туралы ақпарат түскен. Непал туристік полициясының мәліметінше, 53 Украина азаматы хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Ал Украина тарапы олардың арасында қаза тапқандар немесе зардап шеккендер бар-жоғын әзірге анықтай алмаған.

Ресей сыртқы істер министрлігі де апат болған аймақта жүрген төрт ресейлік азаматпен байланыс үзілгенін хабарлады. Тағы сегіз ресейлік қауіпті аймақтан қауіпсіз жерге көшірілген.
Непал полициясы мәліметінше, су тасқынынан 157 адам қаза тапқан. Ал Непалмен шектесетін Қытайдың Тибет аймағында тағы үш адам көз жұмған.
Непал Туризм министрлігінің дерегінше, 403 турист, оның ішінде 340 шетелдік азамат хабар-ошарсыз кеткен. Байланыс үзілген туристердің ең көбі – Үндістан азаматтары. Олардың саны 133. Сонымен қатар АҚШ, Аустралия, Ұлыбритания, Канада және басқа да елдердің азаматтары бар.
Қытай билігі Тибетте тағы 265 адамның хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады.
Ондаған адамның өмірін қиған су тасқыны таңертең басталған. Непал Сыртқы істер министрі Шишир Ханалдың мәліметінше, апатқа көшкін себеп болуы мүмкін. Ірі көлемдегі лай мен тау жыныстары өзенге құлап, соның салдарынан Бхотекоши өзені арнасынан тасыған деген болжам бар. Бұл көшкінге жер асты дүмпулері себеп болуы ықтимал.
Табиғи апат адам шығынына ғана емес, елге айтарлықтай материалдық зиян келтірді. Су тасқыны салдарынан тұрғын үйлер, жолдар мен энергетикалық инфрақұрылым нысандары қираған.
Айта кетейік, бұған дейін Непалда жойқын су тасқыны болып, 400-ге жуық турист із-түссіз жоғалғаны туралы жазған едік.
LRT, кептеліс және студенттер ағыны: Алматы көлік жүктемесін қалай көтермек?