НЗМ-нің болашағы не болады: Оқу-ағарту министрлігі қаржыландыруға қатысты пікірталасқа нүкте қойды
Оқу-ағарту министрлігі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бюджеті қысқарып, оқушы қабылдау саны азаяды деген қауесетке түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министр не дейді?
Бұған дейін бұл мектептерде оқушы саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, мемлекеттен көп қаржы бөлінетіні сынға алынған еді.

Министр Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында Назарбаев Зияткерлік мектебі бағдарламаларын жабу немесе қаржыландыруды қысқарту жоспарда жоқ екенін мәлімдеді.
“Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдағы үш жылға арналған бюджеті бекітіліп, 2028 жылға дейін толық келісілген. Бөлінетін қаржы көлемін қысқарту мәселесі қаралып жатқан жоқ. Оқушыларға бөлінетін гранттар мен орындар саны қысқартылмайды. Жаңа оқушыларды қабылдау ротация қағидаты бойынша жалғасады: қанша бала мектеп бітірсе, келесі жылы сонша грант жаңа оқушыларға беріледі”, – деді министр.
Оған қоса министр Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі басқа мектептерге енгізілетінін айтты.
“Мемлекет Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру бағдарламалары мен әдістемелерін дамытуға қомақты қаржы салған. Енді негізгі міндет осы мектептердің озық тәжірибесі мен тиімді әдістемелерін елдегі басқа жалпы білім беретін мектептерге тарату”, – деді министр.
2025 жылы “Өркен” гранты қысқарған еді
2025 жылы Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі "Өркен" президенттік білім беру грантының мөлшері өзгергені белгілі болған. Ол кезде министрліктің бұйрығына тиісті өзгерістер енгізіліп, грант көлемі:
- 2 190 080 теңге – жатақханасыз оқу үшін;
- 3 053 940 теңге – жатақханамен оқу үшін белгіленді.
Бұған дейін бұл сомалар тиісінше 2 349 191 теңге және 3 247 305 теңге болған.
Демек 2025 жылы грант мөлшері шамамен 159 мың теңгеге және 193 мың теңгеге азайған.
“Өркен” гранты 2009 жылы, алғашқы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған кезде бекітілген. Оның есебінен дарынды балалар тегін білім алып, жатақханада тұрып, тамақтана алады.
Грант мөлшері неге өзгерді?
Оқу-ағарту министрлігі биыл бөлінген грант мөлшеріне қатысты түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, грант көлемінің өзгеруіне Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі қаржыландыруды қысқарту емес, оны есептеу әдістемесінің өзгеруі себеп болған.
Бұған дейін грант мөлшері 2023 жылы министрлік бұйрығымен бекітілсе, 2025 жылы грант құнын есептеудің жаңа әдістемесі қабылданған. Жаңа тәртіп бойынша әр мектептің нақты шығындары мен орналасқан өңірінің ерекшеліктері ескеріледі.
Неге барлық Назарбаев зияткерлік мектептерінде грант мөлшері бірдей емес?
Министрліктің түсіндіруінше, әр Зияткерлік мектепті ұстауға кететін шығын бірдей емес.
Сондықтан грант көлемін есептеген кезде:
- мектеп орналасқан өңір;
- мектепті ұстауға кететін шығын;
- білім беру процесін ұйымдастыруға қажет қаражат сияқты факторлар ескеріледі.
Осыған байланысты барлық Назарбаев зияткерлік мектептері үшін грант мөлшері бірдей болмауы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесін басқа мектептерге беру үшін 22 миллиард теңге бөлінгені туралы жазған едік.
Ресейдің әуе кеңістігі қауіпті болса да, қазақстандық әуе компаниялар тұрақты түрде жолаушы тасымалдайды