Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейдің әуе кеңістігі қауіпті болса да, қазақстандық әуе компаниялар тұрақты түрде жолаушы тасымалдайды

scat
Фото: Scat.kz

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің әуе кеңістігін қауіпті екенін айтып, оны пайдаланатын әуе компанияларына ескерту жасады. Алайда қазақстандық екі әуе компания Ресейге тұрақты түрде рейс орындайтыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зеленскийдің айтуынша, қазір Ресейдің әуе кеңістігі толықтай қауіпті.

“Біз Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланатын әрбір әуе компаниясына, сақтандырушыға және Ресейдің негізгі әуежайларын әлі де пайдаланатындарға ескерту жасағымыз келеді: Ресейдің әуе кеңістігі толығымен қауіпті болып бара жатыр”, – деді Украина президенті.

Stan.kz редакциясы осы мәлімдемеге қатысты Көлік минстрлігінің Азаматтық авиация комитетіне ресми сұрау салды. Комитет өкілдері қазақстандық екі әуе компаниясының Ресейге тұрақты түрде рейс орындайтынын айтты.

“Қазір Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында аптасына шамамен 156 рейс орындалады, оның ішінде шамамен 47 рейсті қазақстандық "SCAT" және "Qazaq Air" авиакомпаниялары орындайды. Ресей Федерациясына қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар тұрақты тұрде жолаушы тасымалдайды. Бұл ретте авиакомпаниялар ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым авиакомпаниялармен бірлесіп, тұрақты негізде жағдайға мониторинг жүргізеді”, – деп сендірді Азаматтық авиация комитеті.

Сондай-ақ комитет өкілдері рейсті орындау кезінде жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі бәрінен маңызды екенін атап өтті. 

Десе де әлем елдерінің көптеген әуе компаниясы Ресейге рейстер орындап келеді. Олардың көбі қытайлық, түркиялық және Парсы шығанағы елдерінің авиакомпаниялары. Сондай-ақ ресейлік әуе компаниялары, атап айтқанда, "Аэрофлот" пен Jetica да жекелеген халықаралық рейстер орындап жүр. Ресейдің әуе кеңістігін пайдаланып, тұрақты рейстер орындайтын 30 әуе компаниясы бар.

Азия мен Таяу Шығыс елдерінің әуе компаниялары:

  • Air Arabia (БАӘ);
  • Air China (Қытай);
  • Air India (Үндістан);
  • China Eastern Airlines (Қытай);
  • China Southern Airlines (Қытай);
  • Emirates Airlines (БАӘ);
  • Etihad Airways (БАӘ);
  • FlyDubai (БАӘ);
  • Flyone Armenia (Армения);
  • Georgian Airways (Грузия);
  • Hainan Airlines (Қытай);
  • Iraqi Airways (Ирак);
  • Mahan Air (Иран);
  • Oman Air (Оман);
  • Qanot Sharq (Өзбекстан);
  • Qatar Airways (Катар);
  • SCAT Airlines (Қазақстан);
  • Shirak Avia (Армения);
  • Somon Air (Тәжікстан);
  • Syrian Air (Сирия);
  • Uzbekistan Airways (Өзбекстан).

Африка елдерінің әуе компаниялары:

  • Air Algérie (Алжир);
  • EgyptAir (Мысыр);
  • Ethiopian Airlines (Эфиопия);
  • Nouvelair (Тунис);
  • Royal Air Maroc (Марокко).

Еуропа елдерінің әуе компаниялары:

  • Air Serbia (Сербия);
  • Belavia (Беларусь);
  • Pegasus Airlines (Түркия);
  • Turkish Airlines (Түркия).

 

Владимир Зеленский өз сөзінде Украинаның жазықсыз адамдардың қаза болғанын қаламайтынын атап өтті. 

“Сондықтан серіктестерімізге ескертеміз: Ресейдің әуе кеңістігінде қауіпсіз заман аяқталды. Бұл ескертуді, ең алдымен, қазір Мәскеу, Санкт-Петербург және Ресейдің басқа да негізгі бағыттарына рейстер орындайтын әуе компанияларының ескергені маңызды”, – деді Украина.

Бұған дейін қазақстандық Vietjet Qazaqstan әуекомпаниясы Астана мен Омбы арасындағы рейстерді уақытша тоқтатқан еді. 

"Омбы облысындағы әуе кеңістігін пайдалануға шектеулерді жиі қоюға және кестені қауіпсіз және сенімді түрде сақтау мүмкін болмағаны үшін Vietjet Qazaqstan Астана-Омбы-Астана бағытындағы рейстерді уақытша тоқтатады. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі – әуекомпанияның басты басымдығы. Бұл шешім ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұзақ кідірістер мен кестені мәжбүрлі түрде өзгерту қаупін азайту үшін қабылданды", – делінген әуе компаниясының мәлімдемесінде.

Әуе компаниясы келесі рейстер туралы ақпарат жағдайдың дамуына қарай жаңартылатынын нақтылады. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 15:47