Қазақстан әуе қуаты бойынша ТМД-да Ресейден кейінгі орында тұр

Қазақстанның Әуе күштері ТМД елдері арасында Ресейден кейінгі ең мықты әуе күштерінің бірі деп бағаланды. Халықаралық рейтингте Қазақстан әлем бойынша 41-орынға жайғасып, бірқатар еуропалық және азиялық мемлекеттерді басып озған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазіргі кезде әуе үстемдігі мемлекеттің қорғаныс қабілетін анықтайтын маңызды факторлардың біріне айналды. Сондықтан көптеген елдер Әуе күштері мен әуе қорғанысын дамытуға басымдық береді, өйткені заманауи әрі қуатты авиация ықтимал қауіптердің алдын алуға және ел мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
Әлем елдерінің әскери-әуе қуаты бойынша рейтингін америкалық CEOWORLD басылымы бірқатар сараптамалық ұйымдармен бірлесіп әзірлеген.
Рейтинг бірнеше негізгі көрсеткіш бойынша есептеледі:
- әскери әуе техникасының саны (жауынгерлік, көлік және оқу ұшақтары мен тікұшақтар);
- технологиялық басымдық (соңғы буындағы әскери ұшақтардың болуы, олардың жабдықталуы, қорғаныс деңгейі және авиациялық электроникасы);
- көлік авиациясы мен қамтамасыз ету күштері (әуе жанармай құю ұшақтарының болуы, әскер мен техниканы тасымалдау мүмкіндігі);
- стратегиялық дайындық пен тәжірибе (ұшқыштардың жауынгерлік тәжірибесі, ұшу сағаттары, авиациялық бөлімдердің теңгерімділігі, ұлттық авиация өнеркәсібінің мүмкіндіктері).
Әр көрсеткіш 0-ден 100 баллға дейін бағаланады. 100 балл – ең жоғары нәтиже. Кейін барлық көрсеткіштердің орташа арифметикалық мәні есептеліп, мемлекеттің әскери-әуе қуатының қорытынды индексі шығарылады. Рейтингте әскери-әуе күштері тиімді әрі жауынгерлік қабілеті жоғары 79 ел бағаланған.
Қазақстанның және ТМД елдерінің көрсеткіші
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері құрамындағы Әуе күштері бүгінде Орталық Азиядағы ғана емес, ТМД кеңістігіндегі ең қуатты әрі технологиялық тұрғыда дамыған әскерлердің бірі.
CEOWORLD рейтингі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында тек Ресейден кейін орналасып, әлем бойынша 41-орынға ие болды. Елдің әскери-әуе қуаты индексі 41,29 балды құрады.
Бұл нәтиже Қазақстанға рейтингте Португалия (44-орын), Нидерланд (46-орын), Мексика (47-орын), Румыния (50-орын), Катар (55-орын), Бельгия (59-орын) және Болгария (60-орын) сияқты елдерді басып озуға мүмкіндік берді.
ТМД елдері арасында Қазақстаннан төмен көрсеткіштер Өзбекстанда (57-орын, 28,95 балл), Беларусьте (61-орын, 26,13 балл), Әзербайжанда (62-орын, 26,06 балл) және Арменияда (66-орын, 24,44 балл) тіркелген. Айта кетейік, бұл рейтингте Қырғызстан мен Тәжікстанның көрсеткіштері есепке алынбаған.
Әлемдегі әскери-әуе қуаты бойынша бірінші орында АҚШ тұр. Оның қорытынды индексі 97,67 балды құрады. Екінші орынды 94,14 баллмен Ресей иеленсе, үшінші орында Үндістан орналасқан. Оның көрсеткіші 93,59 балды құрады. Әуе қуаты бойынша үздік ондыққа Қытай (93,05 балл), Жапония (91,54 балл), Израиль (90,24 балл), Франция (89,21 балл), Ұлыбритания (89,02 балл), Оңтүстік Корея (87,21 балл) және Италия (87,21 балл) кірді.
Рейтингтің соңғы орындарында Йемен (13,17 балл), Албания (11,94 балл), Сирия (11,37 балл) және Ауғанстан (11 балл) орналасқан.
Ұстазының жетекшілігімен цирк әлеміне келген қазақстандық егіз Cirque du Soleil-де өнер көрсетеді
Оқыңыз