Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3 мың қазақстандық бір айға әскерге шақырылады: Бұл кімдерге қатысты

запастағы әскерилер оқу-жаттығу
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі 2026 жылы жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы 3 мың әскери міндетті азамат тартылады деп бұйрық берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу жиындары запастағы әскери міндеттілердің даярлық деңгейін сақтау және жетілдіру, практикалық дағдыларын жаңарту, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгерту, сондай-ақ Қарулы күштердің жұмылдыру дайындығын нығайту үшін өткізіледі.

"Жиынға қатысушыларды жергілікті әскери басқару органдары армияның нақты әскери-есептік мамандықтар бойынша қажеттілігін ескере отырып іріктейді. Бұл ретте азаматтардың даярлық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар назарға алынады", – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.

Ведомство азаматтарды оқу-жаттығу жиындарына шақыру шақырту негізінде жүзеге асырылатынын түсіндірді.

"Шақырту алған азаматтар көрсетілген орынға белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келуден жалтарғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (2026 жылы – 21 625 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған", – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Сондай-ақ министрлік заңнамада оқу-жаттығу жиындарына тартылмайтын азаматтардың кімдер екенін атап өтті.

Оқу-жаттығу жиындарынан босатылғандар: 

  • Оқу жылы кезінде педагогтер;
  • Күндізгі бөлімде білім алып жүрген студенттер;
  • Кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар;
  • "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де санаттағы азаматтар.

Айта кетейік, Астана қаласының қорғаныс істері департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықов бұрын әскери қызметтен өтпеген 27 жастан асқан қазақстандықтарды әскери қайта даярлауға жіберуді ұсынған еді. Ұсыныс әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті. Артынша департамент өкілінің пікіріне қатысты Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, "әскерде болмаған 27 жастан асқан барлық қазақстандықтар қайта даярлауға жіберіледі" деген мәлімет бұрмаланған және шындыққа жанаспайды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 29 Маусым, 2026 15:46