Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"27 жастан асқан ер азаматтар әскери қайта даярлауға шақырылады": Қорғаныс министрлігі желідегі ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады

Сарбаздар
Фото: freepik.com

Әлеуметтік желіде 27 жастан асқан, әскерде болмаған қазақстандықтар әскери қайта даярлауға шақырылады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қорғаныс министрлігі желіде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме береді. 

Министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "әскерде болмаған 27 жастан асқан барлық қазақстандықтар әскери қайта даярлауға жіберіледі" деген мәлімет бұрмаланған және шындыққа жанаспайды. 

Желіде тараған ақпаратқа Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықовтың "әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы" заңындағы запастағы әскери міндетті азаматтар арасында әскери жиындарды өткізу тәртібін реттейтін қолданыстағы нормаларға қатысты айтқан сөзі негіз болған.

"Заңның 33-бабына сәйкес, әскери жиындарға запаста тұрған әскери міндеттілер шақырылады. Әскери жиындар жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтау мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде өткізіледі. Мерзімді әскери қызметтен өтпеген және 27 жасқа заңды негізде толған азаматтар әскери қайта даярлауға автоматты түрде жіберілмейді", – делінген министрлік хабарламасында. 

Сондай-ақ министрлік азаматтар қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептерде ақылы негізде ерікті түрде әскери дайындықтан өте алатынынын атап өтті. Оқу мерзімі 40 күнге созылады және нәтижесінде әскери-есептік мамандық беріледі.

Еске салсақ, бұған дейін әскерге бармаған 50 жасқа дейінгі қазақстандықтарды қайта әскери даярлықтан өткізу ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 19:57