Кофе мен энергетиктің айырмашылығы неде? Сарапшы маңызды кеңес берді
Сергек жүру үшін біріміз кофеге, біріміз энергетикке жүгінеміз. Бірақ бірнеше сағатқа күш бергендей көрінетін бұл сусындардың ағзаға әсері бірдей емес. Нутрициолог Жадра Есенова кофе мен энергетиктің айырмашылығын айтып, қай жағдайда олардың зияны басым болуы мүмкін екенін түсіндірді.
Кофенің негізгі белсенді компоненттерінің бірі – кофеин. Ол орталық жүйке жүйесін ынталандырып, адамның сергек болуына және шаршауды уақытша аз сезінуіне ықпал етеді. Алайда кофеинді шамадан тыс тұтыну кері әсер беріп, жүрек соғысының жиілеуі, мазасыздық, ұйқының бұзылуы және қан қысымының жоғарылауы сияқты белгілерге әкелуі мүмкін.
PhD докторы, нутрициология маманы Жадра Есенова кофені шамадан тыс көп тұтыну – адам бойындағы кортизол деңгейінің көтерілуіне және микроэлементтердің, оның ішінде магний тапшылығына алып келеді.
“Ол сонымен қатар жүрек соғысының жылдам соғуына, қан қысымының көтерілуіне де алып келуі мүмкін. Көптеген жастар кофейнді көп тұтынып, өздерінің қалай ауруға шалдыққанын байқамай қалады. Әсіресе 20-30 жас аралығындағы адамдар мәселелерге тап болып жатады”, – деді сарапшы-нутрициолог Жадра Есенова.
Сарапшы энергетикалық сусындарға да тоқталды. Оның айтуынша, энергетиктердің құрамында кофеиннен бөлек, ағзаны ынталандыратын бірқатар компоненттер бар. Сол себепті оларды тұрақты тұтыну адамды сусынға тәуелді етіп, қайта-қайта ішуге әуестендіруі мүмкін.
“Ал энергетикке келетін болсақ, ол есіртікі сияқты, бір ішкен адамды өзіне тартып тұрады. Оның құрамында кофейннен басқа дәм күшейткіш, қант, таурин сынды көптеген стимуляторлар бар. Тіпті ішінде химиялық витаминдер қосып отырады. Бұл ертеңгі нешетүрлі аурулардың бастамасы болып келеді”, – деді сарапшы.
Жадра Есенова қазіргі энергетикалық сусындардың құрамына да тоқталды. Оның айтуынша, кейбір өндірушілер кәдімгі қанттың орнына қант алмастырғыштарды қолданады. Нутрициолог мұндай қоспаларды шамадан тыс тұтыну ағзаға кері әсер ететінін айтып, қант алмастырғыштардың зияны кәдімгі қанттан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін екенін ескертті.
"Қазіргі уақытта аспартам деген қант алмастырғыш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінің шешімімен “мүмкін канцерогенді” заттардың қатарына енгізілді. Сол себепті қазір Еуропа елдерінде Coca-Cola Zero сусынына қатысты даулы мәселелер көтеріліп жатыр. Оның құрамында жаңағы айтқан қант алмастырғыш – аспартам бар", – деді сарапшы.
100 граммдық кофенің өзі бір күнге жетеді
Сарапшы Жадра Есенова 100 грамдық кофенің ағза үшін бір күнге жететінін мәлімдеді. Ал энергетикті мүлдем тұтынбауға шақырды.
“Кофені кішкене мөлшерде ішкен пайдалы десек те болады. “Арабика” ағашынан алынған дәнмен жасалынған кофе болса тіпті жақсы. Ал энергетикта көбіне химиялық кофейндер. Иә, олар сізге тоқтаусыз энергия беріп тұрады, бірақ соңында ұйқысыздыққа әкеледі”, – деді сарапшы.
Сондай-ақ кофені бірден аш қарынға ішпеу керектігін де айтты. Алдымен таңғы ас ішіп немесе асқазанға “жастық” ретінде көкөніс пен жеміс-жидектер жеп барып, кофе ішкен дұрыс. Сондай-ақ кофейнді тым көп қолдану – ағзадағы кальций тапшылығына әкелуі мүмкін.
“Содан кейін көп адамда уақыт өте келе, шаштың түсуі, тырнақтың өздігінен сынуы, аяқ-қолдың сырқырауы сияқты аурулар пайда болады. Энергетиктегі химиялық кофейндер бұл ауруларды еселейді”, – деді Жадра Есенова.
Сарапшы өз тәжірибесінде осыдан азап шеккен көптеген жасөспірімдер мен жастарды көргенін де мәлімдеді.
“Өзі 30-ға да толмаған жас жігіт “аяғым сырқырайды”, “аяғым ауырады” деп келді. Одан бөлек қаншама жасөспірім бала келіп жатыр. Қолын қатты сілтеп қалған 3 жерден сынған. Таңғалдым, бұл деген кальцийдің тапшылығы деген сөз”, – деді сарапшы-нутрициолог.
Сөз соңында нутрициолог энергетиктің ешқандай адамға пайдасын әкелмейтінін, оның тіпті энергия беретініне күмәнмен қарайтынын айтты. Ал қоғамды энергетиктен бас тартуға шақырды.
Энергетикке қатысты Қазақстандағы заң
Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынған. Бұл нормаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойған заңмен өзгеріс енгізілді.
"Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады", – деп мәлімдеді Ақорда.
Заңдағы жаңа 108-1-бап энергетикалық сусындарды тұтынуды шектеуге бағытталған. Нормаға сәйкес, энергетиктерді 21 жасқа толмағандарға сатуға, сондай-ақ сатушының тікелей қатысуынсыз сауда автоматтары және өзге де электронды немесе механикалық құрылғылар арқылы өткізуге тыйым салынды.
Бұл өзгерістер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Яғни қазір 18, 19 немесе 20 жастағы азаматтарға да энергетикалық сусын сатуға болмайды. Егер сатушы сатып алушының 21 жасқа толғанына күмәнданса, одан жеке куәлігін көрсетуін талап етуге міндетті. Құжат көрсетілмеген жағдайда энергетикті сатудан бас тартуы тиіс.
Кофе мен энергетиктің айырмашылығы неде? Сарапшы маңызды кеңес берді