Мектеп психологтары 140 мың теңге алады: министр жалақы мәселесін мойындады
Қазақстанда мектеп психологтары шамамен 140 мың теңге, ал әлеуметтік педагогтар 118 мың теңге жалақы алады. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселенің жүйелі сипат алғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифингте министрден 140 мың теңге алатын мектеп психологының жасөспірімдердің күрделі мәселелерімен айналысуға ынтасы қаншалықты болатыны сұралды.
"Иә, мұндай мәселе бар. Бұл – жүйелі мәселе. Аталған педагог қызметкерлердің жалақысы Үкіметтің №1193 қаулысымен реттеледі. Бюджет қалыптастырылған кезде бірнеше рет өзгеріс енгізуге тырыстық. Бірақ оны 20 мемлекеттік орган келісуі керек", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министр әлеуметтік педагогтардың жалақысы 118 мың теңге екенін де айтты. Оның сөзінше, ведомство бұл мәселені жақында қайта қараған.
Сонымен қатар биыл мектептерде "Жеке қауіпсіздік" атты жаңа курс енгізілген. Оны жүргізетін психологтарға қосымша сағат беріліп, соған сәйкес жалақысына да үстеме қосылмақ.
"Психологтар жаңа курсты жүргізген кезде оларға қосымша сағат беріледі. Бұл, әрине, қосымша жалақы болады. Әлеуметтік педагогтардың жалақысы мәселесі де бақылауымызда. Бұл – жүйелі мәселе және оны шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз", – деді министр.
"Күн көзіне шыға алмаймын": Қазақстандық альбинос жігіт өмірі туралы айтып берді
