Қазақстандық артық салмақтан арыламын деп ота кезінде көз жұмды: Марқұмның туыстары істің сотқа жетпей тұрғанына наразы
2025 жылдың қаңтарында бариатриялық операция кезінде көз жұмған 35 жастағы қарағандылық Вячеслав Ермоловтың өліміне қатысты қылмыстық іс әлі сотқа жолданбаған. Марқұмның туыстары дәрігерлердің әрекеті мен науқастың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс барын айтып, тергеудің созылып кеткеніне наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Еуразия бірінші” телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның жесірі Кристина Ермолова істің созылып кеткенін айтады.
"Бір емес, бірнеше комиссия болды. Қазірдің өзінде қағаз жүзінде клиниканың кінәлі екені жазылған. Бұл мәселе неге шешілмей жатқанын түсінбеймін. Неге бәріне бәрібір?" – деді марқұмның жесірі Кристина Ермолова.
Кристина Ермолова күйеуін 2025 жылдың қаңтарында жерледі. 35 жастағы ер адам жеке клиникаға бариатриялық операция жасатуға барған. Оның салмағы 185 келі болған. Ол өмірін өзгерткісі келгенімен, үйіне оралмады, операция үстелінде көз жұмды.
Мәйітті ашу кезінде дұрыс интубация жасалмағаны анықталған. Соның салдарынан гипоксия мен ми ісінуі дамып, бұл науқастың өліміне әкелген. Ол кезде тексеруді Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті жүргізген.
"Жоспарлы хирургиялық көмек көрсету кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды: пациент толық тексерілмеген, қажетті мамандардың толық консультациясы қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ анестезиолог-реаниматологтардың қателігі анықталды. Хирургте "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификат болғанымен, "бариатриялық және метаболикалық хирургия" мамандығы бойынша сертификаты болмағаны анықталды", – деп атап өтті медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті.

Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Кристина болған жағдайдың мән-жайын өзі зерттей бастаған. Оның айтуынша, Вячеславқа операция жасаған дәрігер қажетті сертификатты кейін алған және қазір басқа клиникада жұмыс істейді. Іс бойынша мәйітті эксгумациялау жүргізіліп, қайталама сараптамалар тағайындалған. Маусым айының ортасында негізгі сараптама қорытындысы дайын болған.
"Қорытындыда бәрі анық көрсетілген. Екі дәрігердің тегі және дәрігерлердің әрекеті мен Ермоловтың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары көрсетілген. Азамат Ермоловқа наркоз берілмей тұрып-ақ, операция алдында және операция үстелінде оның денсаулығында ақау болғанын көрсететін белгілер байқалғаны туралы дәлелдер алынған", – деді отбасының адвокаты Татьяна Рыбалкина.
Мұндай қорытындыдан кейін тергеу аяқталуға жақын қалуы тиіс еді. Алайда іс әлі күнге дейін сотқа жолданбаған.
"Әрекеттері мен өлім арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс анықталған дәрігерлер осы уақытқа дейін қорғауға құқығы бар куәгер мәртебесінде жүр. Олар, менің ойымша, заңсыз медициналық қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр", – деді адвокат Татьяна Рыбалкина.
Полиция өкілдері соталды тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.
"Факт бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі – медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады", – деп мәлімдеді Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алайда полиция нақты мерзімдерді атамады. Ал 2027 жылдың қаңтарында бұл іс бойынша ескіру мерзімі аяқталады. Вячеславтың отбасы үшін бұл – жақын адамының өліміне кім жауап беретіні туралы басты сұраққа жауап күтумен өткен екі жылға жуық уақыт.
"Қиналып, жылап, ашуланып отырмыз. Екі жылға жуық уақыт өтті, бірақ әлі күнге дейін ешқандай шешім жоқ. Бәрі үнсіз. Іс бірде тоқтатылады, бірде қайта жандандырылады. Кінәлілердің бәрібір жазаланғанын қалаймыз", – деді Кристина Ермолова.
Қазір отбасының адвокаты Бас прокуратураға және басқа да ведомстволарға шағымдар дайындап жатыр. Вячеславтың туыстары тергеу нақты шешіммен аяқталып, істің сотқа жетуін күтіп отыр.
Еске салайық, 2026 жылғы 4 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция жасату үшін жекеменшік клиникаға жүгінген. Жұбайының айтуынша, операция кезінде наркоздан кейін оның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, науқас комаға түскен. Ол жедел түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, бір ай бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдағанымен, 5 мамыр күні көз жұмды.
Осы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, клиника жұмысынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тексеру барысында Ербол Айтуовтың II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Соған қарамастан, оған операция алдында эндокринолог пен терапевтің қосымша кеңесі ұйымдастырылмаған, операцияға дейінгі дайындық пен тәуекелдерді бағалау талапқа сай жүргізілмеген. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға нұсқама беріліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Сондай-ақ биыл мамыр айында Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан да липосакцияда көз жұмған. Осы қайғылы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл клиникада 2020 жылы да дәл осындай операциядан кейін адам өлімі тіркелгенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, сол кездегі тексерістерден кейін медициналық мекеме пластикалық операция жасау лицензиясынан айырылған. Алайда кейін басқа заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен соң жаңа лицензия алып, сол мекенжайда жұмысын жалғастырған.
Осы екі резонансты жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға бақылауды күшейтетінін хабарлады. Министрлік алдағы уақытта жоспардан тыс тексерулерді көбейтіп, клиникалардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін, медициналық жабдықталуын және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтпек.
"Күн көзіне шыға алмаймын": Қазақстандық альбинос жігіт өмірі туралы айтып берді