Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған

Липосакция жара
Фото: Жеке мұрағаттан

Артық майдан арыламын деп липосакция жасатқан Бану есімді қазақстандық келіншек біліксіз маманның құрбаны болып, бір өлімнен аман қалған. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ол процедураны еш рұқсаты жоқ қарапайым мейіргер жасағанын айтты. 

“Процедураны емхана ішіндегі жалдамалы кабинетте жасады”

Бану 2022 жылы күзге қарай күзге қарай қолының сыртқы жағына липосакция жасатпақ болған. Алайда бүкіл Instagram-ды ақтарып, қолдың сыртына липосакция  жасайтын емхана таппаған. Ол липосакцияны қолдың сыртына жасауға болмайтынын кеш білген.

“Ол кезде бұл туралы мүлдем білмегенмін. Сөйтіп бір парақшаны тауып алдым. Онда науқастардың қолының сыртына липосакция жасалған суреттер бар екен. Жұмыстары өте тиянақты көрінді. Содан сол парақшаға қызығып, жазылдым. Сөйлесіп едім, анализ тапсырып, дайындалу керегін айтты. Мен екі апта бойы дайындалып, процедура жасатуға бардым. Мекен жайға барсам, ол клиника емес, клиниканың ішінде жалға алынған кабинет болып шықты. Процедура жасайтын адам  мен кірген бетте есікті жауып, жасырып, әлденеден қорқып тұрғанын байқадым. Бірақ мен өзімді ұзақ уақыт дайындап, процедура туралы үйдегілерге айтып қойған соң бас тартпадым”, – дейді Бану.

“Денемнен өліктің иісі шыға бастады”

Айтуынша, процедура кезінде ауырсыну болмаған. Бұған дейін басқа клиникаларда липосакция жасатқандықтан бұл жолы да бәрі әдеттегідей болды дейді ол.

“Процедураның қалай өтетінін білемін. Сол кезде де ешқандай ерекше ауырсыну болған жоқ. Бәрі аяқталған соң нәтижесі маған қатты ұнады. Бірақ бір аптадан кейін қолым қарая бастады. Кейін мүлдем қап-қара болып кетті. Процедура жасаған адамға қолымдағы өзгерістер тура айтып едім, ол "көгерген ғой, жазылып кетеді" деп сендірді. Кейін қолымның қарайған жер үлкен жараға айналды. Сөйтсем терім өліп, некроз болған екен. Менен өліктің иісі шығатын болды. Ол иіс бүкіл пәтерге жайылды. Басында жай жара деп ойлап, үйден емделіп жүрдім. Кейін қалалық емханаға барып, дәрігерлерге көріндім. Олар жағдайымды көріп, жағасын ұстады. Сөйтіп олар ашық жараны екі ай бойы жараны антибиотиктермен емдеді, жақпамай жақтым. Жараның бетін бетін түсіре алмай қиналдық. Осылай емделіп шықтым, алайды қолымда үлкен тыртық, жараның орны қалды. Дәрігерлердің айтуынша, егер жара өте үлкен болғанда оған инфекция түсіп, ол бүкіл қанға тарап адам өліп кетуі мүмкін екен. Бірақ көрер жарығым бар екен, иммунитетім бәріне төтеп берді”, – дейді ем-шарасы туралы айтқан кейіпкеріміз.
Липосакция жара
Фото: Видеодан скрин

“Ол хирург те, косметолог та емес, мейіргер болып шықты”

Дәрігерлер Бануға процедураның дұрыс жасалмағанын, жасаған адамның техникасы да дұрыс болмағанын айтқан. Қолда май қалдырмаған, сол себепті тері шыдамай, өліп, шіри бастаған. Сол кезде қолдың сыртына липосакция жасалмайтынын білдім дейді Бану.

“Кейін ашық жараны, қолымның қарайып кеткені туралы әлеуметтік желіде жаздым. Содан маған оның басқа клиенттері жаза бастады. Сөйтсем ол әйел хирург те, косметолог та емес екен. Ол жай ғана мейіргер болған. Оның мұндай процедура өткізуге ешқандай рұқсаты болмаған. Өзі Instagram арқылы клиенттер тауып, тартып, процедураны жасырын, кабинетте жасап жүрген”, – дейді ол.

Маманның біліксіздігінен бір өлімнен аман қалса да Бану мейіргердің үстінен шағым түсірмеген. Өйткені, сол кезде өзіммен өзім әлек болып, тек "қолым жазылып, сауығып кетсем екен" деген оймен болған.

“Біреумен алысып, жанжалдасуға кұшім де, қуатым да, уақытым да болмады. Қазір оның процедура жасап жүрген-жүрмегенін білмеймін. Бірақ жақында оның парақшасын тауып алдым. Соңғы жазба 2025 жылы салынған екен. Соған қарағанда жұмысын тоқтатқан сияқты”, – дейді кейіпкер.

Липосакция жара
Фото: Жеке мұрағаттан

“Денсаулыққа келгенде үнемдемеңіздер”

Бану денсаулық мәселесіне келгенде адамдарға ақша үнемдемеуге кеңес берді. Денсаулығыңды сеніп тапсырған адам жақсылап тексеріп алған дейді ол. 

“Адамдарға айтарым, қандай да бір процедура жасамас бұрын бәрін тексеріп алған дұрыс. Қазір косметологтар кабинетте отырып-ақ липосакция, блефароплстика жасай беретін болған. Мұндай процедураларды пластикалық хирургтар жасау керек деп ойлаймын. Тым болмаса, мұндай процедура жансақтау бөлімі бар, алғашқы медициналық көмек көрсетілетін жерде жасалуы тиіс. Түсінемін, бір қайғылы жағдайдан кейін адамдар липосакцияға баруды тоқтатпайды. Бірақ бара алдында бәрін тексерген жөн. Денсаулыққа келгенде үнемдемеңіздер, желідегі суреттерге сенбеген дұрыс. Әр істі өз кәсіби маманы істеу керек”, – дейді Бану.

Еске салайық, Қазақстанда липосакция жасатып көз жұмаған науқастар көбейген соң Денсаулық сақтау министрлігі мұндай медициналық ұйымдарға жоспардан тыс тексеру жүргізетінін мәлімдеген еді. Мұндай шешім азаматтардан пластикалық операциялардың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдардың көбейгенінен кейін қабылданған. Әсіресе, тексерулердің басым бөлігі өткен жылы жүргізілген.

Айта кетейік, 2026 жылғы 4 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция жасату үшін жекеменшік клиникаға жүгінген. Жұбайының айтуынша, операция кезінде наркоздан кейін оның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, науқас комаға түскен. Ол жедел түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, бір ай бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдағанымен, 5 мамыр күні көз жұмды.

Осы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, клиника жұмысынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тексеру барысында Ербол Айтуовтың II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Соған қарамастан, оған операция алдында эндокринолог пен терапевтің қосымша кеңесі ұйымдастырылмаған, операцияға дейінгі дайындық пен тәуекелдерді бағалау талапқа сай жүргізілмеген. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға нұсқама беріліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Сондай-ақ биыл мамыр айында Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан да липосакцияда көз жұмған. Осы қайғылы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл клиникада 2020 жылы да дәл осындай операциядан кейін адам өлімі тіркелгенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, сол кездегі тексерістерден кейін медициналық мекеме пластикалық операция жасау лицензиясынан айырылған. Алайда кейін басқа заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен соң жаңа лицензия алып, сол мекенжайда жұмысын жалғастырған.

Осы екі резонансты жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға бақылауды күшейтетінін хабарлады. Министрлік алдағы уақытта жоспардан тыс тексерулерді көбейтіп, клиникалардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін, медициналық жабдықталуын және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтпек.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 15:50