Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда липосакция жасатқан науқасқа шұғыл ота жасалды

липосакция ота
Фото: magnific.com

Ақтау тұрғыны Камила Нұржан жекеменшік клиникада жасатқан липосакциядан кейін ауыр іріңді қабынумен ауруханаға түсті. Әйелге шұғыл ота жасалып, қазір ем қабылдап жатыр. Жәбірленуші медициналық мекеме мен ота жасаған маманның қызметіне тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік органдарға шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Камила Нұржан қаладағы жекеменшік клиникалардың бірінде липосакция жасатқан. Алайда операциядан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген.

Жәбірленушінің айтуынша, клиника өкілдері өз кінәсін мойындаудан бас тартқан. Олар ауыр іріңді қабынуды әйел ағзасының процедураға берген реакциясы деп түсіндірген. Алайда Камила бұл пікірмен келіспейді және оқиғаға құқық қорғау органдары жан-жақты тексеру жүргізуі қажет деп есептейді.

Камила Нұржан құзырлы мемлекеттік органдарға ресми шағым түсіргенін айтты. Ол өз өтінішінде жекеменшік медициналық орталықтың қызметіне жан-жақты тексеру жүргізуді сұраған.

Атап айтқанда, әйел медициналық мекеменің қызметінің заңдылығын, қажетті лицензиялары мен рұқсат құжаттарының бар-жоғын, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын тексеруді талап етеді. Бұдан бөлек, ол операция алдындағы тексерудің және операциядан кейінгі медициналық бақылаудың сапасын бағалап, медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған.

Сондай-ақ жәбірленуші липосакция үшін төлеген қаражатты толық қайтаруды және тексеру барысында заңбұзушылықтар анықталған жағдайда кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Қазір ол ем қабылдап жатыр. Камила Нұржан өзге азаматтарды сақ болуға шақырып, кез келген ота немесе косметологиялық процедура жасатпас бұрын медициналық ұйымның құжаттарын, лицензиялары мен рұқсаттарын мұқият тексеруге кеңес береді.

Еске салайық, 49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуірде липосакция жасатуға барған. Жұбайының айтуынша, наркоздан кейін оның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп, комаға түскен. Бір айдан соң ол ауруханада қайтыс болды. Марқұмның жұбайы клиника дәрігерлерін салғырттық жасады деп айыптаса, денсаулық сақтау министрлігі тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеген.

Айым Болатқызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 09:03