Баланың мәзірі қандай болуы керек? Маман ата-аналар жиі жіберетін қателіктерді атады

Баланың дұрыс тамақтануы үшін қымбат өнімдер мен түрлі "суперфудтарды" сатып алу міндетті емес. Күнделікті дастарқандағы жұмыртқа, сұлы мен қарақұмық, ет, балық, сүт өнімдері, көкөніс пен жемістің өзі толыққанды рацион құруға жеткілікті. Алайда баланы тамақтануға мәжбүрлеу, тәттіні мүлде тыйып тастау немесе телефонға телміртіп отырып ас беру оның тамақтану әдетіне кері әсер етуі мүмкін. Балалардың күнделікті мәзірі қандай болуы керек және ата-аналар қандай қателіктерден аулақ болғаны жөн? Бұл туралы Stan.kz тілшісіне балалар эндокринологы, нутрициолог Инабат Бектаева айтып берді.
Баланың тәрелкесінде не болуы керек?
Маманның айтуынша, баланың күнделікті рационы әртүрлі болуы қажет. Өсіп келе жатқан ағза ақуызды, пайдалы майларды, көмірсуды, дәрумендер мен минералдарды тұрақты түрде алып отыруы керек.
“Баланың рационы әртүрлі болып, бірнеше негізгі өнім тобын қамтуға тиіс. Ақуыз көзі ретінде ет, құс еті, балық, жұмыртқа, сүзбе, ашытылған сүт өнімдері мен бұршақ тұқымдастарын қосуға болады. Көкөніс пен жеміс – жасұнықтың, дәрумендер мен минералдардың көзі”, – дейді Инабат Бектаева.
Күрделі көмірсуларды бала жарма, тұтас дәнді нан және қатты бидайдан жасалған макарон өнімдерінен ала алады. Ал пайдалы майлар балықта, жаңғақта, түрлі дәндер мен өсімдік майларында кездеседі.
Дегенмен маман барлық өнімді бір мезетте әр тамаққа қосу міндетті емес екенін айтады.
“Әр тағам қабылдағанда осының бәрі бірдей болуы міндетті емес. Бірақ күн ішінде бала ақуыз, май және көмірсудың толыққанды үйлесімін алуы керек”, – дейді ол.

Күніне неше рет тамақтанған дұрыс?
Инабат Бектаеваның сөзінше, бала үшін үш негізгі ас пен қажеттілігіне қарай бір-екі тіскебасар жеткілікті.
“Егер бала шынымен аш болса, 1–2 рет тіскебасар беруге болады. Бірақ оны қатаң түрде сағатқа қарап тамақтандырудың немесе күні бойы бірдеңе ұсына берудің қажеті жоқ. Тамақты үздіксіз “бірдеңе шайнап жүруге” айналдырмау маңызды”, – дейді маман.
Оның айтуынша, отбасында белгілі бір тамақтану тәртібі болғаны жөн. Ал тіскебасар баланың қарны ашпаған жағдайда міндетті болмауы керек.
Таңғы асқа не берген дұрыс?
Жақсы таңғы астың негізі – ақуыз, күрделі көмірсу және жеміс не көкөніс.
“Мысалы, омлет, тұтас дәнді нан мен көкөніс беруге болады. Немесе сұлы, қарақұмық ботқасын жұмыртқамен не сүзбемен, жидекпен үйлестіруге болады. Табиғи йогуртқа сұлы, жидек пен аздап жаңғақ қосу да жақсы нұсқа”, – дейді нутрициолог.

Ал тәтті үлпек, шоколадты паста, печенье және қантты сусындарды таңғы астың тұрақты негізіне айналдырмаған жөн.
“Мұндай тағамдарда жылдам көмірсу көп. Бірақ олар балаға ұзақ уақытқа жететін тоқтық сезімін бермейді”, – дейді Инабат Бектаева.
Тәтті мен фастфудты толық тыйып тастау керек пе?
Маманның айтуынша, тәттіге толық тыйым салудың қажеті жоқ. Қатаң шектеу керісінше баланың оған деген қызығушылығын арттыруы мүмкін.
“Қатты тыйым салынған кезде бала тәттіні ерекше, өте құнды нәрсе ретінде қабылдай бастайды. Сондықтан тәтті мен фастфуд рационның негізі емес, тек қосымшасы болғаны дұрыс”, – дейді ол.
Баланың кейде балмұздақ, торт, пицца немесе бургер жеуінен қорқудың қажеті жоқ.
“Бірақ күн сайын толыққанды түскі асты осындай тағамдармен алмастыру дұрыс емес. Сондай-ақ тәтті сусындарды, газдалған сусындар мен энергетиктерді шектеген жөн. Негізгі сусын – қарапайым су болуы керек”, – дейді маман.
Мектепке қандай тіскебасар салып берген жөн?
Инабат Бектаева мектепке салынатын тағам ең алдымен баланың өзі жейтін өнімдерден құралғаны дұрыс екенін айтады.
“Диетологтың ұсынысында әдемі көрінетін тағамды емес, бала шынымен жейтін өнімді таңдаған дұрыс”, – дейді ол.
Мысалы, алма немесе бананға аздап жаңғақ қосуға, табиғи йогурт пен жеміс беруге, ірімшік немесе күркетауық еті салынған тұтас дәнді бутерброд дайындауға болады. Сүзбеден жасалған бәліш, ірімшік пен көкөніс, тауық еті қосылған үй сэндвичі де қолайлы.
“Және маңыздысы – егер бала аш болмаса, тіскебасар міндетті емес”, – деп атап өтті маман.

Бала көкөніс немесе ет жемесе не істеу керек?
Көп ата-ана баласының пайдалы тағамнан бас тартқанына алаңдайды. Мұндайда маман күштеп жегізбеуге кеңес береді.
“Тамақты күреске айналдырмау керек. Кейде балаға бір өнімді бірнеше рет ұсыну қажет болады. Бірнеше рет көргеннен кейін ғана оның дәміне үйренуі мүмкін”, – дейді Инабат Бектаева.
Өнімді беру формасын да өзгертуге болады. Мәселен, бала шикі көкөніс жемесе, оны пеште пісіріп, сорпаға немесе басқа тағам құрамына қосуға болады.
Ал еттен бас тартқан жағдайда ақуыздың өзге көздерін қарастырған жөн.
“Етті балықпен, жұмыртқамен, сүзбемен, ашытылған сүт өнімдерімен немесе бұршақ тұқымдастарымен алмастыруға болады”, – дейді маман.
Бұл ретте ата-ананың жеке үлгісі де маңызды.
“Егер ересектердің өзі көкөністі іс жүзінде жемесе, балаға оны неге жеу керек екенін түсіндіру өте қиын”, – дейді ол.
Ата-аналар қандай қателік жібереді?
Маман ата-аналар арасында жиі кездесетін қателіктің бірі – баланы күштеп тамақтандыру екенін айтады.
“Тауысып жемейінше, үстелден тұрмайсың” деген тәсілден бас тартқан дұрыс”, – дейді Инабат Бектаева.
Сондай-ақ күні бойы үздіксіз тіскебасар беру, тәттіні марапат ретінде пайдалану, тәттіге толық тыйым салу, бала қалағанынан артық тамақ жегізу де дұрыс емес.
“Сорпаңды ішсең, кәмпит беремін” деген сияқты тәсілдер тәттіні ерекше сыйлыққа айналдырады”, – дейді ол.
Телефон немесе теледидар қосып қойып тамақтандыру да мәселе тудыруы мүмкін. Сонымен бірге кей ата-ана балаға үнемі бөлек “балалар тағамын” әзірлеп, оның мәзірін санаулы өніммен шектеп қояды.
Инабат Бектаева бұл мәселеде бір қарапайым қағиданы ұстануға кеңес береді:
“Ата-ана нені және қашан ұсынатынын анықтайды, ал бала қанша жейтінін өзі шешеді”, – дейді маман.

Баланың бір күндік мәзірі қандай болуы мүмкін?
Маманның айтуынша, пайдалы рацион құру үшін міндетті түрде қымбат өнімдер сатып алудың қажеті жоқ.
- Таңғы ас: сүтке немесе суға піскен сұлы ботқасы, жұмыртқа, алма немесе жидек.
- Тіскебасар: банан және аз мөлшерде жаңғақ.
- Түскі ас: қарақұмық немесе күріш, тауық не күркетауық еті, көкөніс салаты және су.
- Бесіндік: сүзбе немесе табиғи йогурт пен жеміс.
- Кешкі ас: пеште піскен балық немесе омлет, картоп, булгур не қарақұмық және көкөніс.
“Қымбат өнімдер немесе суперфудтар міндетті емес. Қарапайым жұмыртқа, қарақұмық, сұлы, картоп, маусымдық көкөніс пен жеміс, тауық еті, балық және сүзбе – баланың толыққанды рационына өте жақсы негіз”, – дейді Инабат Бектаева.
Мінсіз мәзір емес, қалыптасқан әдет маңызды
Маман ата-аналарға баланың бір күндік мәзірін “мінсіз” етуге тырысып, әр жеген тағамына алаңдаудың қажеті жоқ екенін айтады.
“Баланың дұрыс тамақтануы – күн сайынғы мінсіз мәзір емес. Бұл біртіндеп қалыптасатын әдет. Бала кейде пицца, балмұздақ немесе тәтті жеуі мүмкін – бұл қалыпты. Ең маңыздысы – оның жалпы тамақтануы қандай екені”, – дейді балалар эндокринологы, нутрициолог Инабат Бектаева.
Демек, дұрыс тамақтану баланың әр қасығын бақылаудан немесе тәттіні мүлде тыйып тастаудан басталмайды. Ең маңыздысы – үйдегі жалпы тамақтану мәдениеті, ата-ананың үлгісі және баланың аштық пен тоқтық сезімін ескеру.