Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика саласындағы шетелдік кадрлардың орнын қазақстандық мамандар басады

инженеры
Фото: pexels.com

Қазақстанда энергетика саласындағы күрделі жобаларға тартылған шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен кезең-кезеңімен алмастыру көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, күрделі жобалар бойынша жасалатын модельдік келісімшарттарға шетелдік кадрларды қазақстандық мамандармен алмастыру бағдарламасын әзірлеу міндеті енгізілген.

"Бағдарлама кадр резервін уақытылы қалыптастыруды, шетелдік кадрларды кейіннен алмастыру үшін қазақстандық мамандарды даярлау мен оқытуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарының кандидатураларын басымдықпен қарастыру көзделген", – деді Ерлан Ақкенженов.

Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушы өндіруші компанияларға қазақстандық кадрларды оқытуға қаржы бөлу міндеті жүктелген. Министрдің мәліметінше, 2023–2025 жылдары бұл мақсатқа шамамен 62,7 миллиард теңге бөлінген.

Ақкенженов алдағы жылдары мұнай өңдеу саласында да мамандарға қажеттілік артатынын айтты. Қолданыстағы үш зауытты кеңейту және жаңа зауыт салу нәтижесінде мұнай өңдеу қуатын жылына шамамен 39 миллион тоннаға жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде жаңа мамандар даярлау мен жұмыс істеп жүрген кадрлардың біліктілігін арттыруды талап етеді.

Қазір Қазақстанның энергетика саласында 100 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 11:38