Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарды даярлау жүйесі өзгереді – Саясат Нұрбек

Саяста Нұрбек
Фото: primeminister.kz

Қазақстанда инженерлік-техникалық мамандарды даярлау жүйесі өзгереді. Білім беру бағдарламалары еңбек нарығы мен жаңа технологияларға бейімделмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еңбек нарығындағы сұраныстың жартысынан астамы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға тиесілі екенін айтты.

"Біз инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың жаңа жүйесіне көшіп жатырмыз. Алдымен қандай мамандар тапшы екенін анықтап, соған қарай білім беру бағдарламаларын жаңартамыз", – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше, оқу бағдарламаларына жасанды интеллект пен жаңа өндірістік технологиялар енгізіледі. Колледж бен жоғары оқу орны арасындағы байланысты күшейтіп, колледж түлектерінің оқуын университетте жалғастыруын жеңілдету де көзделген.

Дуалды оқытуға да басымдық беріледі. Студенттер оқуымен қатар кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Ал бизнес өкілдері қандай мамандар қажет екенін анықтауға және оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.

"Ендігі міндет – жаңа технологиялар, мамандардың біліктілігі мен білім беру бағдарламалары арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ету. Бұл жұмыспен Ұлттық кәсіптерді трансформациялау орталығы айналысады", – деді министр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, жаңа орталықтың тұжырымдамасы әзірленген. Қазір оның жұмыс моделі жасалып жатыр.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 10:36