Емтихан тапсырып, қайта оқудың қажеті жоқ: Қазақстан мен Қытай жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді
Қазақстан мен Қытай азаматтарының жүргізуші куәліктерін өзара тану туралы келісімге келді. Бұл екі ел азаматтарына жүргізуші куәлігін қайта оқып, емтихан тапсырмай алмастыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
7 қыркүйекте Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов Бейжіңге жұмыс сапарымен барып, "Орталық Азия – Қытай" форматы аясында өткен ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің кездесуіне қатысты.
Сапар барысында Ержан Сәденов Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохунмен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар қауіпсіздік саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен алдағы бірлескен жұмыстарды талқылады.
Кездесудің маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасында "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қою болды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, құжат екі елдің құзырлы органдарының өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға, туындаған қауіптерге жедел әрекет етуге және халықаралық орталық аумағындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай азаматтарының ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл екі ел азаматтары үшін тиісті рәсімдерді жеңілдетіп, елдер арасында көлікпен қатынауға қолайлы жағдай жасайды.
Айта кетейік, 26 тамызда үкіметтің "Қазақстан Республикасы үіметі мен Қытай Халық Республикасы үкіметі арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы келісімге қол қою туралы" қаулы жобасы жарияланған еді.
Құжатта келісімді іске асыру талаптары орындалған жағдайда азаматтар жүргізуші куәлігін қайта оқудан өтіп, емтихан тапсырмай-ақ алмастыра алатыны көрсетілген.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан азаматтарының шетелде ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік жүргізу мүмкіндігі кеңейіп жатқаны туралы жазған едік. Атап айтқанда, қазақстандық жүргізушілерге Дубайда ұлттық куәлікпен көлік жүргізуге рұқсат берілгені хабарланған болатын.
Баланың ас мәзірі қандай болу керек? Маман ата-аналар жиі жіберетін қателіктерді атады
