Қазақстандық ер адам жүргізуші куәлігі үшін 6,6 миллион теңге төлеген

Қазақстандық ер адам жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген танысына сеніп, 6,6 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің айтуынша, ақпан айында ол Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген танысымен хат алмаса бастаған. Танысы Алматыдағы мамандандырылған ХҚКО-да жұмыс істейтінін айтып, жүргізуші куәлігін алып беруге көмектесе алатынын жеткізген.
Алдымен ер адам құжатты рәсімдеу үшін келісілген соманы аударған. Кейін танысы түрлі сылтаумен бірнеше рет қосымша ақша жіберуді сұраған. Нәтижесінде жәбірленуші 6,6 млн теңгеден астам қаражат аударған. Ақшаның бір бөлігі белгісіз адамдардың банк шоттарына түскен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция мемлекеттік қызметтерді заңсыз немесе жеделдетілген жолмен алу туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Құқық қорғау органдары мұндай ақпаратты мұқият тексеріп, бейтаныс адамдарға ақша аудармау керектігін ескертті.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды