Келесі оқу жылынан бастап 5-9-сыныптар БЖБ мен ТЖБ тапсырмайды – Министр
Қазақстанда 2027–2028 оқу жылынан бастап 5-9-сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны кезең-кезеңімен алып тастау жоспарланып отыр. Кейін бұл өзгеріс 10–11-сыныптарға да енгізілмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, қазір 5-9-сыныптардағы бағалау жүйесін өзгертуге дайындық жүріп жатыр. Ол үшін жаңа бағалау критерийлері мен мұғалімдерге арналған әдістемелік материалдар әзірленеді.
"Келесі кезең – 5–9-сыныптар. Әдістемелік тұрғыдан дайын болған кезде келесі оқу жылынан бастап БЖБ мен ТЖБ-ны кезең-кезеңімен алып тастаймыз. Одан кейін 10–11-сыныптарды да қайта қараймыз", – деді министр.
Оның сөзінше, 10-11-сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ-ны өзгерту 5-9-сыныптардан кейін қолға алынады.

Оқулықтардың бірыңғай форматы қарастырылып жатыр
Министр ата-аналардың оқулықтардың көлемі, мұқабасы мен әртүрлі форматта шығуына қатысты шағымдары бар екенін де айтты. Ведомство бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр.
Қазір 40 мектепте оқулықтарды бір цифрлық платформаға біріктіретін жоба сынақтан өтуде. Жобаға 15 баспа қатысып жатыр.
"Оқулықтардың бірыңғай форматына қатысты мәселені білеміз, қазір оны зерттеп жатырмыз. Пилоттық жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Алғашқы нәтижесін қаңтарда көрсетуіміз мүмкін", – деді министр.
Сонымен қатар биыл министрлік оқулықтарды тексеру барысында 700-ге жуық қатені анықтаған. Қазір баспалармен бірлесіп, анықталған қателерді түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Министр кей өңірлерде ата-аналар жаңа оқулықтардың уақытында берілмегеніне шағымданғанын да атап өтті. Оның айтуынша, қажетті оқулықтар сатып алынған және осы аптада оқушыларға жеткізіледі.
"Күн көзіне шыға алмаймын": Қазақстандық альбинос жігіт өмірі туралы айтып берді