Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мектептерде бастауышқа қиын болған математика тақырыптары жоғары сыныптарға ауыстырылды

бастауыш
Фото: ChatGPT

Қазақстанда бастауыш сынып бағдарламасы балалардың жас ерекшелігіне қарай қайта қаралды. Соның нәтижесінде математикадағы бірқатар күрделі тақырып 5-7-сыныптарға ауыстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бастауыштағы математика пәнінде қарастырылған 51 оқу мақсатының тек 16-сы осы жастағы балалардың деңгейіне сәйкес келген.

"Математика пәнінде бастауышта 51 мақсат бар. Соның небәрі 16-сы ғана бастауыш сыныптағы баланың жас ерекшелігіне сәйкес келеді. Қалғанының арасында 5-сыныптың, 6-сыныптың, тіпті 7-сыныптың материалдары бар екен. Сондықтан кейбір тақырыптарды 5-сыныпқа, кейбірін 7-сыныпқа ауыстыруға тура келді", – деді министр.

Сүлейменованың айтуынша, бастауыш мектеп балаға артық салмақ түсірмеуі керек. Керісінше, осы кезеңде оның білім алуға қызығушылығын қалыптастыру маңызды.

Көптеген елде бастауыштағы бала әлі де ойын баласы. Ол партада отыруға, құрдастарымен араласуға енді бейімделеді. Сондықтан бастауышты бала қиналатын емес, оның білімге қызығушылығы оянатын кезең ретінде қарастырып отырмыз", – деді ол.

Бір минутта жылдам оқу қайта енгізілді

Бастауыштағы тілдік пәндер, дүниетану және жаратылыстану бағдарламалары да қайта қаралған.

Министрдің сөзінше, бұған дейін алынып тасталған бір минутта жылдам оқу биыл қайта енгізілді. Енді баланың қанша сөз оқығаны ғана емес, мәтінді қаншалықты түсінгені де бағаланады.

"Біздің кезімізде бір минутта жылдам оқу болатын. Кейін ол алып тасталды. Биылдан бастап соны қайтардық. Бірақ оны кеңейтіп, баланың оқыған дүниесін түсінуі мен түйсінуін де қараймыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар 2-сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазу тәртібі нақтыланды. Әр сынып үшін мәтін көлемі мен бағалау талаптары

белгіленген.
Министрлік бұл өзгерістер балалардың оқу және жазу сауаттылығын арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 12:43