Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терісі жыртылып, сүйегі көрінген": Түркістан облысында ит шабуылынан 5 жастағы қыз ауыр жарақат алды

5 жасар қызға ит шабуыл
Фото: сюжет кадрларынан скрин

Түркістан облысында кезбе ит 5 жастағы қызға шабуыл жасап, ол ауыр қалде жансақтау бөліміне түсті. Қыздың анасының айтуынша, бүгінде қызының бет әлпеті қатты зақымданып, пластикалық отаны қажет етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға Старый Икан ауылында болды. Баланың анасының айтуынша, күндіз ол қызын туыстарына жіберген. Қыз басқа балалармен ойнап жүрген кезде ит оған тап берген. 

"Мен келгенге дейін қызымды жансақтау бқліміне алып кеткен екен. Ана үшін мұндайды көру өте ауыр. Баланың бетінде тірі жер қалмағандай. Көзінің астындағы терісі жыртылып, сүйегі көрініп тұр", – деді қыздың анасы Дилафруз Халикова.

Оқиғадан кейін отбасы иттің иесін іздестірген. Алайда оның қайдан келгені және кімге тиесілі екені әлі белгісіз.

"Жүрегімде үлкен қайғы мен өкініш қалды. Қазір медицина дамыған, дәрігерлер бір жарым жылдан кейін пластикалық ота жасау керек екенін айтты. Бірақ қанша ота жасалса да, баламның бұрынғы бет-әлпеті қайтып келмейді", – деп қосты анасы.  

Дәрігерлер ит қыз баланың оң жақ бетін терең тістеп зақым келтіргенін растады. Сол себепті ота жасалғанына қарамастан, кейін тыртықтар қалады.

"Бала жарақаттық шок алған. Қатты қорқып қалған. Сонымен қатар бас жарақаты мен құлау салдарынан соққылары бар. Қазір жағдайы тұрақты, қажетті ем алып жатыр", – деді Түркістан қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіязимова.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет емес. Соңғы уақытта ит шабуылынан бірнеше адам зардап шеккен. Сауран ауданы әкімдігі жағдаймен таныс екенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, қараусыз иттерді аулау жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

"Жаңа Икан елді мекенінде иттің балаға және тағы бірнеше адамға шабуыл жасағаны туралы ақпарат түсті. Ол ит ұсталып, зертханаға жіберілді. Қазір тексеріс нәтижесін күтіп отырмыз. Екінші жағдай Ескі Икан ауылында болды. Ол жерде балаға шабуыл жасаған иттің иесі бар екені анықталды. Қазір полициямен бірге ит пен иесін іздеу жұмыстары жүріп жатыр", – деді Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Ғасыр.

Сонымен қатар, ауданда иттерді аулау, ұстау және жою жұмыстарына 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері шамамен 50 ит ұсталған, олардың жиырмадан астамы иесіз немесе қараусыз жануарлар екені анықталған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасау туралы заң ұсынылғанын хабарлаған едік. Заң бойынша, жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: бұралқы жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі керек болған. Алайда қазақстандықтар бұл заңға қарсы шықты. Ал сенат қаңғырған жануарлар туралы жаңа заңды мәжіліске қайтарды

Нәтижесінде қызу талқылаудан кейін Тоқаев қаңғыған жануарларға қатысты заңға қол қойды.

Stan.kz
Жұма, 22 Мамыр, 2026 12:55