Ақтөбеде діни радикалдардың қолынан қаза тапқан полицейдің отбасы өздеріне тиесілі өтемақыға қол жеткізді

Ақтөбеде теріс діни ағым өкілдерінің қолынан қаза тапқан полицейдің отбасы өздеріне тиесілі төлемдерге қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
30 жастағы Нұрлан Алпысбай осыдан 15 жыл бұрын Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Шұбаршы ауылында қаза тапқан. Ол әріптесімен бірге көшелерді патрульдеу кезінде бір топ теріс ағым өкілінің шабуылына ұшырап, қаскөйлер оларды аяусыз атып кеткен. Марқұмның артында жұбайы мен екі қызы қалды. Қайғылы оқиғадан кейін Нұрлан Алпысбай III дәрежелі "Айбын" орденімен (қайтыс болғаннан кейін) марапатталды.
Жылдар бойы Нұрлан Алпысбайдың әріптестері мен бұрынғы басшылығы оның отбасын назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетіп келеді. Ал өткен жылы әкімдік Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне Нұрлан Алпысбайдың есімін берген.
Қайғылы оқиғадан кейінгі уақыт ішінде құқық қорғау органдарының қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелеріне төленетін өтемақыға қатысты заңнамаға да өзгерістер енгізілді. Соның негізінде қаза тапқан полиция қызметкерінің жұбайы мен қыздары өздеріне тиесілі төлемдерді өндіру үшін сотқа жүгінді.
Полиция департаменті талаптарды ішінара мойындады. Алайда сот талап қоюшылардың уәжін қолдап, мемлекет қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасыларын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.
Нәтижесінде сот Нұрлан Алпысбайдың жұбайы мен қыздарының талап-арызын қанағаттандыру заңды әрі әділ шешім болады деген қорытындыға келді.
Сот шешімімен полиция департаментінен олардың әрқайсының пайдасына келтірілген залалдың өтемі ретінде шамамен 2 миллион теңгеден өндірілді. Сонымен қатар полиция департаменті марқұмның жұбайына өмір бойы ай сайын 89,3 мың теңге көлемінде жәрдемақы төлеуге міндеттелді. Осындай мөлшердегі ай сайынғы төлем Нұрланның қыздарының біріне 23 жасқа толғанға дейін төленетін болды.
Жауапкер соттың бұл шешіміне шағым түсірген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде екі полицей қаза тапқаны туралы жазған едік.
Алматыдан Балиге дейін велосипедпен жеткен қазақстандық жұп 10 айлық сапары туралы айтып берді
Оқыңыз